Республикалық репродуктивті денсаулық апталығының қорытындысы Астана, 2025 жылғы 23 мамыр
Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның бастамасымен 12–16 мамыр аралығында өткен Республикалық репродуктивті денсаулық апталығының қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өтті.
Науқан Мәдениет және ақпарат, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен бірлесе отырып, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың — БҰҰ Халықтың қоныстануы жөніндегі қоры (ЮНФПА), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНЕСКО — және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар: KARM, Saulyq LIFE, YPEER және басқалардың қолдауымен жүзеге асырылды.
Бес күн бойы елімізде бір мезгілде ақпараттық-ағартушылық науқан өтті. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналды: отбасын жоспарлау мен жасөспірімдердің репродуктивті тәрбиесінен бастап, ЖПВ, ЖЖБИ алдын алу және ерлер денсаулығын сақтау.
Дөңгелек үстелде Апталықтың қорытындылары шығарылып, болашақ ұрпақтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін репродуктивті денсаулық саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды. Серіктестердің ұсыныстары мен ұсынымдарын жинауға ерекше назар аударылды. Бұл материалдар жинақталып, Ұлттық комиссия отырысында ұсынылатын болады.
Науқанның негізгі нәтижелері: 20 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды (2024 жылмен салыстырғанда 2 есе көп); жалпы қамту — 500 мыңға жуық адам, оның ішінде 240 мыңнан астам жасөспірімдер мен жастар; 80 мыңға жуық тегін кеңес берілді; 8,4 мыңнан астам ЖЖБИ мен АИТВ тестілеуі жүргізілді; әлеуметтік желілерде 359 мыңнан астам пост, БАҚ-та 1,5 мыңнан астам жарияланым шықты; бүкіл ел бойынша қоғамдық орындардағы 627 LED экранда бейнероликтер көрсетілді.
Аптаның әр күні тақырыптық бағытта ұйымдастырылды — отбасын жоспарлау мен жасөспірімдердің репродуктивті тәрбиесінен бастап, ЖПВ, ЖЖБИ және ерлер денсаулығын сақтауға дейін. Мұндай тәсіл негізгі мақсатты топтармен жүйелі, нысаналы және салааралық байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова Төраға атынан сөз сөйлеп, бастаманы жүзеге асыруға үлес қосқан барлық серіктестер мен қатысушыларға алғысын білдірді:
«Репродуктивті денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастыру — бұл бір реттік науқан емес, жүйелі әрі үйлестірілген жұмыс пен барлық тараптардың қатысуын қажет ететін стратегиялық міндет. Осындай бастамалар күшімізді біріктіріп, үздік тәжірибелерді кеңейтуге және қоғамда шынайы мінез-құлық пен көзқарас өзгерістеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.»
Талқылауға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Шакизат Халықова, Ұлттық комиссия мүшелері, аймақтық денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы қатысты.