Душанбеде Тәжікстан мен Қазақстан әйелдерінің форумы өтті
2024 жылғы 31 шілде - 1 тамызда Душанбе қаласында Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Әйелдер және отбасы істері жөніндегі комитет ұйымдастырған «Әйелдер, қаржы ресурстары және зорлық-зомбылықтан қорғау» тақырыбындағы Тәжікстан мен Қазақстан әйелдерінің форумы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – пікір алмасу, ақпарат және тәжірибе бөлісу үшін диалог алаңын құру, гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерінде одан әрі ынтымақтастыққа арналған ұсыныстар әзірлеу.
Форумға қатысушылар мен қонақтарға арналған алғы сөзінде Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Әйелдер және отбасы істері жөніндегі комитет төрағасы Бунафша Файзиддинзода атап өтті: «Әйелдердің құқықтарын қорғау, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту саласында Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуы озық тәжірибелермен алмасуға және гендерлік теңдік мәселелерінің өзекті шешімдерін әзірлеуге ықпал етеді. Бүгінгі таңда әйел-кәсіпкерлерді ынталандыруға және оларды бизнес-ортаға белсенді тартуға, өз құзыреттерін арттыруға қолдау көрсету үшін жағдайлар жасауға ерекше назар аударылуда».
Форум қатысушыларын қарсы ала отырып, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Зүлфия Байсақова атап өтті: «Қазақстанда гендерлік теңдік мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.
ОЭСР Орталығының әлеуметтік институттар мен гендер индексі бойынша зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы Қазақстан әйелдерді кемсітудің төмен деңгейі бар ел ретінде бағаланды.
Халықаралық гендерлік алшақтық индексі рейтингінде Қазақстан 2023 жылы әлемнің 146 елі арасында 62-ші орынды иеленді. Біз бұл саладағы көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруға тырысамыз.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия – бұл билік, азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасындағы сұранысқа ие диалог алаңы.
Биыл Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң қабылданды. Ол әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Заңнамалық бастамалардың қабылдануы халықаралық қоғамдастықта оң реакция тудырды.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар кешенінде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де ерекше рөл атқарады.
Депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квота есебін міндетті түрде ескеру нормасы бекітілген. Шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің 30% үлесіне қол жеткізу міндеті қойылған. Әйелдер кәсіпкерлігінің секторы қалыптастырылған. Елдегі барлық жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің 43%-ын әйелдер басқарады.
Екі елдің белсенді әйелдерінің күш-жігерін біріктіру, бұл әйелдер бизнес қауымдастығын, үкіметтік емес және азаматтық секторды біріктіреді, гендерлік теңдікке қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болады».
Форум барысында әйелдердің экономикалық жағдайын жақсарту стратегиясы мен механизмдерін әзірлеу және әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін шешу жолдарын қарастыру мәселелері талқыланды.
Форумның панельдік сессияларында екі мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуында әйелдердің рөлін одан әрі арттыру және ынтымақтастық мәселелері көтерілді.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, әйелдер құқығы саласындағы сарапшылар, қаржыгерлер, ғалымдар, Тәжікстан мен Қазақстанның әйел-кәсіпкерлері қатысты.