Ultcom KZ

Ұлттық комиссия мүшелері Алматы облысындағы отбасы қолдау орталықтарының жұмысын бағалады

Қыркүйек айының басында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері Жұлдызай Искакова мен Елена Ли жұмыс сапарымен Алатау және Қонаев қалаларына барды. Сапардың негізгі мақсаты – отбасын қолдау орталықтарының қызметімен танысу, олардың тиімділігін бағалау және отбасылық құндылықтарды нығайту жолдарын талқылау.

Алғашқы нысан – Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасындағы «Өмір энергиясы» жасөспірімдер денсаулығы орталығы. Ұлттық комиссия өкілдері орталықтың профилактика, жастарға арналған оқу және ақпараттық-ағартушылық бағдарламаларының жүзеге асуымен танысты. Мұнда комиссия мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы, аурухана әкімшілігі мен орталық қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты арттыру, қаржыландыруды жетілдіру, нормативтік-құқықтық базаны дамыту және көрсетілетін қызмет сапасын көтеру мәселелері қаралды. Сонымен қатар орталық мамандары заманауи жабдықтарды және жастармен жұмыс барысында қолданылатын FSM Social платформасын таныстырды.

Келесі нысан – Қонаев қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» КММ. Бұл орталық 2023 жылдың тамыз айынан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мұнда 14 маман еңбек етеді: психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгер, кадр және бухгалтерлік бөлім қызметкерлері және басқа да мамандар.

2023-2025 жылдар аралығында орталық 686 адамға қызмет көрсеткен. Оның ішінде 570 адам ақпараттық қолдау, 46 адам психологиялық көмек, 524 адам әлеуметтік және құқықтық көмек алды. Сонымен қатар 114 іс-шара ұйымдастырылып, 32 азамат тренингтер мен оқу курстарына қатысты. Орталық мобильді топтар мен өзге ұйымдармен, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығымен белсенді ынтымақтастық орнатқан.

Жалпы, орталықтардың жұмысы жүйелі сипатқа ие және азаматтарды қолдауға, отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған. Дегенмен, шешуді қажет ететін бірқатар мәселе де бар. Ғимарат жалға алынған әрі жөндеуді қажет етеді, материалдық-техникалық база жеткіліксіз, психологиялық қолдау қызметін күшейту қажет. Осыған байланысты орталықтың жұмысын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар жергілікті атқарушы органдарға жолданды.

Жұлдызай Искакова мен Елена Лидің сапары тәжірибе алмасуға, мәселелерді ашық талқылауға және оларды шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді. Қорытындысында Алматы облысындағы отбасы қолдау орталықтары отбасы институтын нығайту мен азаматтардың өмір сапасын жақсарту ісінде маңызды рөл атқаратыны анық байқалды.