Ultcom KZ

Қазақстанда отбасы институтын нығайтуға бағытталған «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды

Қазақстанда дәстүрге айналған жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қорытындысы шығарылды. Биыл бұл жоба он екінші рет өтіп, елдің барлық өңірінен 3,5 мыңнан астам өтінім қабылданды. Байқау ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның бастамасымен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жобаның басты мақсаты – отбасы мен неке институтын нығайту, ұлттық және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, үлгілі, ынтымағы жарасқан отбасылардың тәжірибесін кеңінен насихаттау.

Байқаудың қорытынды рәсімі Астана қаласында өтті. Мемлекет басшысының атынан құттықтау сөз сөйлеген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде отбасы саясатының Ұлттық комиссияның үйлестіруімен жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрбір отбасының әл-ауқатын арттыру, аналық пен балалықты қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бастамалардың барлығы еліміздегі отбасылардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы жеңімпаздарды құттықтап, алғыс білдірді. Финалға шыққан 20 үздік отбасына салтанатты түрде мүсінше, диплом және 1 миллион теңге көлемінде сертификат табысталды.

Жеңімпаздар қатарында еңбек әулеттері, шығармашылық және волонтерлік қызметпен айналысатын, мейірім мен қамқорлықты өмірлік ұстаным еткен отбасылар бар.

Айта кету керек, Ұлттық комиссияның үйлестіруімен отбасы және гендерлік саясат саласында дәстүрлі құндылықтарды қолдауға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік кодекстің қабылдануы мен отбасы мен балалардың құқықтарын қорғауға арналған соңғы заңнамалық өзгерістер бұл бағыттағы саясатты жаңа деңгейге көтерді.

Мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты нормаларды енгізді. Сонымен қатар ел бойынша Отбасыны қолдау орталықтарының саны төрт есеге – 33-тен 131-ге дейін артты. Олардың жұмысы бірыңғай үлгімен жүргізіліп, әлеуметтік қызметтер цифрландыру және автоматтандыру процесінен өтуде.

Ұлттық комиссия мен Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025–2027 жылдарға арналған Отбасы мен некені сақтау және нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында жүйелі жұмыс атқаруда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарды отбасылық өмірге саналы дайындау, ата-аналық жауапкершілікті арттыру және ажырасудың алдын алу.

Сонымен қатар «Ата-аналар академиясы» жобасы іске қосылып, оның аясында онлайн курстар мен түсіндіру кездесулері өтуде. Жақын уақытта ата-аналарға арналған «Ата-ана.kz» атты цифрлық платформа іске қосылады.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының он екі жылдық тарихында еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Бұл жоба ел бірлігінің, рухани құндылықтардың, ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық татулықтың нағыз символына айналды.