Ultcom KZ

Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі

Қазақ қоғамында отбасының орны қашанда ерекше. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Себебі отбасы – ұлттық кодты сақтайтын, мәдениет пен салт-дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін негізгі орта. Ұлттың болашағы да, мемлекеттің беріктігі де ең алдымен отбасының мықтылығына байланысты.

2025 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда 23 835 неке қиылған. Мұндай мәлімет қазақстандықтардың отбасылық өмірге қадам басуға деген тұрақты ұмтылысын байқатады.

Соңғы жылдары елімізде отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында түрлі жобалар жүзеге асып келеді. Солардың ішінде ерекше атап өтерлігі – дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Бұл жобаға осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық өңірлерінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Байқаудың басты идеясы – қоғамға үлгі болатын әулеттерді таныту, жас ұрпаққа өнеге көрсету, сондай-ақ отбасылық дәстүр мен құндылықтарды кеңінен насихаттау.

Идеологиялық тұрғыдан алғанда, «Мерейлі отбасы» – ұлттық бірлікті нығайтып, мықты отбасы арқылы мықты мемлекет құруға бағытталған бастама.

Бұл бағытта ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Комиссияның назарында – жастарды жауапты ата-ана болуға тәрбиелеу, отбасы институтын нығайту, демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және отбасы құндылықтарын қоғамда кеңінен дәріптеу.

Сарапшылардың айтуынша, мықты отбасы – тек жеке әулеттің емес, тұтас мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Жоспарлы өмір салты, ата-ананың жауапкершілігі, тәрбиелі ұрпақ – бұның бәрі ұзақмерзімді даму мен тұрақты болашақтың негізі болып қала бермек.