Ultcom KZ

Тең мүмкіндіктер өңірі: Павлодар облысы гендерлік дамуда үлгі көрсетуде

Павлодар облысы әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндік беру ісінде еліміздің ең белсенді өңірлерінің бірі екенін тұрақты дәлелдеп келеді. Бұл жайт Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменнің облысқа жұмыс сапары барысында тағы бір мәрте айқындалды.

Сапар аясында Ләззат Сүлеймен Павлодар облыстық комиссиясының төрағасы Айгүл Мәліковамен кездесті. Басқосуда ұлттық гендерлік саясатты іске асыру, әйелдердің басқару және экономика салаларындағы үлесін арттыру, отбасылық институтты нығайту, аналар мен балалар денсаулығын қорғау бағыттары кеңінен талқыланды.

Айгүл Мәлікованың айтуынша, павлодарлық әйелдер өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде облыстағы түрлі меншік нысанындағы 24 мыңға жуық кәсіпорынды әйелдер басқарады.

Мемлекеттік қызметте де гендерлік теңдік көрсеткіші жоғары: жергілікті атқарушы органдардағы қызметкерлердің 67 пайызы – әйелдер, ал аудан мен қала әкімдерінің 11 орынбасары нәзік жандылар. Облыс әкімінің төрт орынбасарының екеуі – әйел.

Ауылдық деңгейде де әйел көшбасшыларының қатары өсіп келеді – ауылдық округ әкімдерінің шамамен 15 пайызы әйелдер, бұл республика бойынша орта көрсеткіштен жоғары.

Өкілді органдарда да әйелдердің белсенділігі айрықша. Павлодар облысында түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 55 әйел депутат қызмет етеді, бұл жалпы құрамның 40 пайызы. Ал Павлодар қалалық мәслихатында 24 депутаттың 12-сі әйел, яғни депутаттық корпустың тең жартысы. Бұл – еліміз бойынша сирек кездесетін көрсеткіш және өңірдегі қоғамдық-саяси мәдениеттің жоғары деңгейін айғақтайды.

Азаматтық қоғам саласында да әйелдердің үлесі зор. Павлодар облысында 832 үкіметтік емес ұйым тіркелген, олардың шамамен 70 пайызын (581 ұйым) әйелдер басқарады. Оның ішінде 50-ге жуық ұйым отбасы және гендерлік саясат бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Кездесу қорытындысында Ләззат Сүлеймен Павлодар облысының гендерлік саясаттағы жетістігін жоғары бағалап, оның өзге өңірлер үшін үлгі бола алатынын атап өтті:

«Облыс әкімінің екі орынбасарының әйел болуы және Павлодар қалалық мәслихатында әйелдердің 50 пайыздық өкілдігі – еліміз үшін сирек кездесетін құбылыс. Мұндай оң тәжірибені зерделеп, өзге өңірлерге тарату қажет», – деді ол.

Ұлттық комиссия өкілдерінің айтуынша, Павлодар облысының тең мүмкіндіктерге негізделген моделі әйелдердің бизнестен бастап мемлекеттік қызмет пен қоғамдық салаларға дейінгі белсенділігі өңірдің тұрақты дамуының негізгі драйвері екенін көрсетеді.