Ultcom KZ

Қауіпсіздік дағдылары: 70-тен астам әйел өзін-өзі қорғаудың негізгі тәсілдерін меңгерді

Солтүстік Қазақстан облысында Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық кампаниясы аясында қыздар мен әйелдерге арналған өзін-өзі қорғау бойынша мастер-класс өтті. Биылғы іс-шара Александр Винокуров атындағы Спорт сарайында ұйымдастырылып, оған 70-тен астам адам қатысты. Мастер-класс барысында мектеп оқушылары, студенттер және жастар ұйымдарының өкілдері қорғану дағдыларын меңгерді.

Мастер-класс үшінші жыл қатарынан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен өткізілуде. Іс-шараның ашылуында Ұлттық комиссия мүшесі Елена Семидоцких сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың зорлық-зомбылықтың алдын алу және құрмет мәдениетін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

«Өзін-өзі қорғау — бұл агрессия емес. Бұл — өзіңе деген құрмет, өз қадір-қасиетіңді қорғау. Әрқайсыңыз бүгін тек техниканы ғана емес, өмір бойы серік болатын ішкі күштің сезімін алып шығады деп сенемін», — деді ол.

Биылғы жаттықтырушылар құрамы ерекше әсер қалдырды. Бокс пен кёкушинкай каратэ бағыттары бойынша әлемге танымал спортшы әйелдер қатысушылармен өз тәжірибелерін бөлісті.

Бокс бойынша мастер-класты Қазақстан құрамасының мүшесі, World Boxing нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы Наталья Богданова жүргізді. Ол базалық қорғану әдістерін көрсетіп, дистанциямен жұмыс істеуді таныстырды, сондай-ақ стресстік жағдайда әрекет ету тәсілдерін түсіндірді.

Кёкушинкай каратэ бойынша СҚО федерациясының инструкторлары арнайы дайындалған бөлімді ұсынды. Әрқайсысы жекпе-жек өнерін кез келген жаста бастауға болатынын және жоғары нәтижеге жетудің мүмкін екендігін дәлелдеген тәжірибелі спортшылар:

Сэнсей Виктория Витченко — қара белдеу, 3 дан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Сания Жақан — қара белдеу, 2 дан, әлем чемпионатының жүлдегері, Еуропа және Қазақстан чемпионы.

Ольга Подгурская — Ресей Кубогының чемпионы, Еуразия және ҚР чемпионатының жүлдегері.

Людмила Бутенко — абсолютті әлем чемпионы, ката бойынша қола жүлдегер, қара белдеу, 3 дан; каратэ жолын 40 жасында бастап, бүгінде 56 жасында жоғары жетістікке жеткен.

Светлана Малихтарович — кумитэ бойынша Әлем кубогының қола жүлдегері, абсолютті ӘЧ-нің күміс жүлдегері; 45 жасында жаттығуды бастап, Азия, Еуразия және Қазақстан чемпионы атанған.

Жаттықтырушылардың өмір жолы қатысушылар үшін ерекше мотивация болды. Көптеген қыз-келіншектер жастың да, мүмкіндіктің де шектеу емес екенін дәлелдеген әйел спортшыларға тәнті болғандарын жасырмады.

Мастер-класс барысында қатысушылар босап шығу әдістерін, қақтығысты болдырмау тәсілдерін, сондай-ақ қорғанудың негізгі элементтерін меңгерді. Инструкторлар тек техниканы ғана емес, психологиялық дайындықтың да маңызын атап өтіп, қауіпті бағалау, саспай әрекет ету, дауыс пен дене позициясын тиімді пайдалану арқылы шабуылдың алдын алу жолдарын түсіндірді.

Маңызды тақырыпқа қарамастан, залда қолдау мен жігерге толы атмосфера қалыптасты. Қатысушылар бір-біріне көмектесіп, қателесіп, қайта жасап, әр жаттығудан кейін өзіне сенімді бола түсті.

Бұл іс-шара өңірде әйелдердің қауіпсіздік дағдыларын нығайту, саналы әрекет мәдениетін дамыту және зорлық-зомбылықсыз өмір салтын ілгерілету жолындағы жүйелі жұмыстың тағы бір маңызды қадамына айналды. Жаттығудан қайтқан 70-тен астам қыз-келіншектің шабыттанған, жинақы әрі рухы көтеріңкі күйі — бұл жұмыстың нақты нәтижесін айқын көрсетті.