Ultcom KZ

Институционалдық даму – гендерлік саясат мәселелері бойынша «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен диалогтың басты назарында

21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған өңірлік директоры Белен Санс Луке мен оның орынбасары Элиса Фернандес Саэнс бастаған халықаралық делегациямен кездесу өтті. Халықаралық орган делегациясының құрамында сондай-ақ Орталық Азия үйлестіру бюросының басшысы Джерен Гювен Гюрэс және Құрылымның Қазақстандағы бағдарламалар басшысы Дина Амришева болды.

Кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Жұлдызай Искакова, Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, сондай-ақ «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өңірлік және елдік кеңселерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстанның «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен ынтымақтастығының негізгі бағыттары, оның ішінде әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, олардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын арттыру және гендерлік саясаттың институционалдық тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.

Ұлттық комиссияның қатысуымен жүргізіліп жатқан жұмыстарға, оның ішінде гендерлік саясатты әдіснамалық сүйемелдеуді күшейту, гендерлік бағдарланған бюджеттеуді дамыту және заңнамаға гендерлік сараптама жүргізу тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Әйелдердің шешім қабылдау процесіне қатысуындағы оң динамика атап өтілді. Құрылтайдағы әйелдер өкілдігінің үлесі 18,9%-дан 33,8%-ға дейін артты.

«БҰҰ-әйелдер» құрылымының өкілдері Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға және Ұлттық комиссияның гендерлік күн тәртібін дамытуға, сондай-ақ Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін оң бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қолданыстағы бағдарламалар мен Қазақстанның халықаралық міндеттемелері шеңберіндегі одан арғы өзара іс-қимыл бағыттарын айқындады.
Made on
Tilda