Отбасы саясатын тиімді жүзеге асырудағы талдау мен деректердің рөлі
15 қазанда Астанада өткен XII Азаматтық форум аясында мемлекет пен қоғамдық институттардың отбасын нығайту бағытындағы өзара іс-қимылына арналған секция өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – саналы ата-ана мәдениетін дамыту мен отбасыларды қолдауда әлеуметтік институттардың рөлін арттыру бойынша ортақ шешімдерді іздеу болды.
Ұлттық комиссия атынан Төраға орынбасары, Сенат Төрағасының кеңесшісі, Жұлдызай Ысқақова сөз сөйлеп, отбасылық саясатты тиімді жүргізуде талдау мен нақты деректердің маңызы туралы баяндама жасады.
Спикер атап өткендей, ақпараттың шамадан тыс көбейген қазіргі кезеңінде эмоция мен фактіні ажырата білу айрықша маңызды.Ол мысал ретінде Қазақстандағы ажырасу деңгейінің рекордтық көрсеткішке жетті деген жалған ақпараттың таралуын келтірді. Бұл мәлімет елдің ресми статистикасы мен БҰҰ деректерімен расталмаған.
«Мұндай жалған ақпараттар шынайы жағдайды бұрмалайды және мемлекеттік саясатқа деген сенімді әлсіретеді. Сондықтан кез келген қорытынды тек тексерілген деректер мен ашық талдауға негізделуі тиіс», – деді Ысқақова.
Анықтама: 2024 жылы некелесу деңгейі 1000 адамға шаққанда 6,13-ті, ал ажырасу деңгейі 2,01-ді құрады. Соңғы төрт жылда ажырасқан некелердің үлесі шамамен 5 пайыздық тармаққа төмендеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның отбасылық саясаты дәлелді тәсілдер мен заманауи талдау құралдарына сүйенеді. Оның негізінде демографиялық жылнамалар, социологиялық зерттеулер, 2020 жылдан бері жарияланып келе жатқан «Қазақстан отбасылары» ұлттық есептері, сондай-ақ Цифрлық отбасы картасы мен FSM Social жүйесін қамтитын заманауи цифрлық шешімдер бар.
Аталған жүйе ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, өмірлік қиын жағдайда тұрған отбасыларды уақтылы анықтауға және көмекті артық бюрократиясыз, нақты бағытта жеткізуге мүмкіндік береді.
Талқылауға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Сессия модераторы – «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жансая Исмағұлова болды.