Ultcom KZ

«Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбат: Ұлттық комиссияның рөлі

Еліміздегі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның атқарар міндеті ауқымды. Комиссия әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, отбасы институтын нығайту, зорлық-зомбылықтың алдын алу, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мен демографиялық ахуалды жақсарту бағыттарында жұмыс істейді. Ал атқарылып жатқан істердің нақты нәтижесі қандай? Комиссияның қоғамдағы рөлі мен ықпалы қалай бағаланады? Осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде Ұлттық комиссияның мүшесі, Назарбаев университетінің вице-президенті Гүлмира ҚАНАЙ ханыммен 25 тамызда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатынан түйінді пікірлерді назарларыңызға ұсынамыз.
Бастамадан нақты нәтижеге дейін

Комиссияның ықпалын бір ғана шешіммен емес, мәселені қоғамдық талқылаудан мемлекеттік саясат пен заңнама деңгейіне дейін жеткізетін жұмысынан көруге болады. Мысалы, Ұлттық комиссия сарапшылары әлеуметтік және отбасылық саясатқа қатысты заңнаманы жетілдіру жұмыстарына атсалысты. Комиссияның бастамалары заңнамамен ғана шектелмейді. Өңірлердегі жағдайды зерделеу, балалардың мектептер мен жазғы лагерьлердегі қауіпсіздігін күшейту, буллинг пен суицидтің алдын алу жөніндегі ұсынымдар әзірленді. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге «бір терезе» қағидатымен құқықтық және психологиялық көмек көрсететін One Stop Service жобасы іске қосылды. Бұл комиссияның диалог алаңы ғана емес, нақты мәселелерді мемлекеттік органдардың күн тәртібіне шығаратын институт екенін көрсетеді.

Әйелдердің экономикалық әлеуеті және тең мүмкіндіктер

Ең өзекті мәселе – әйелдердің жұмысқа орналасуы ғана емес, сапалы, тұрақты әрі лайықты ақы төленетін еңбекке тең қол жеткізуі. Әйелдердің арасында жоғары білімді азаматтардың үлесі едәуір болғанымен, олар көбіне жалақысы төмен салаларда шоғырланған, ал басшылық лауазымдар мен жоғары табысты секторлардағы үлесі әлі де жеткіліксіз. Ресми статистика да әйелдер мен ерлердің еңбекақысы арасындағы алшақтықтың сақталып отырғанын көрсетеді. Бұған қоса, көптеген әйелдер бала күтімі мен үй шаруасына байланысты еңбек нарығынан уақытша кетуге немесе толық емес жұмыс режимін таңдауға мәжбүр болады. Әсіресе ауылдық жердегі әйелдер үшін қаржыландыру, кәсіби білім, цифрлық технологиялар мен жаңа нарықтардың қолжетімділігі әлі де өзекті.

Әйелдердің экономикалық әлеуеті және тең мүмкіндіктер

Комиссия әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, қайта даярлау бағдарламаларын дамыту, қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру, ауыл әйелдерінің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі ұсыныстарды мемлекеттік органдармен бірге талқылайды. Бірақ алдағы кезеңде қолдаудың санын ғана емес, оның нәтижесін өлшеу қажет: әйелдің табысы өсті ме, бизнесі тұрақты болды ма, жаңа жұмыс орындары құрылды ма? Экономикалық тәуелсіздік – зорлық-зомбылықтың алдын алудың да, отбасының әл-ауқатын арттырудың да маңызды шарты.

Отбасының әл-ауқаты — демографияның басты өлшемі

Демографиялық саясатты тек туу көрсеткішімен бағалау жеткіліксіз. Басты өлшем – баланың қандай жағдайда дүниеге келетіні, қандай ортада өсіп-жетілетіні, отбасының сапалы медицинаға, білімге, тұрғын үйге, қауіпсіз орта мен тұрақты табысқа қол жеткізе алуы. Бұл бағытта нақты қадамдар бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2026 жылы балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылар 10 пайызға өсіп, 1,7 трлн теңге қарастырылды. Әлеуметтік қолдау шараларымен 1,8 млн-нан астам азамат қамтылып отыр. Дегенмен өмір сапасын бағалауда өңірлік айырмашылықтарды, тұрғын үй жағдайын, ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын, балалардың қауіпсіздігі мен сапалы білімге қолжетімділігін де ескеру қажет. Яғни саясат «қанша бала дүниеге келді?» деген сұрақпен қатар, «сол балалар мен олардың ата-аналары қаншалықты қауіпсіз әрі лайықты өмір сүріп жатыр?» деген сұраққа жауап беруге тиіс.

Зорлық-зомбылықсыз қоғам мәдениеті

Біз зорлық-зомбылықты «отбасының ішкі мәселесі» деп қабылдаудан бас тартуымыз керек. Зорлық – жеке жанжал емес, адамның құқығы мен қадір-қасиетіне қарсы әрекет. Сондықтан мектептен бастап қарым-қатынас мәдениеті, өзара құрмет, жеке шекара, жанжалды күш қолданбай шешу, көмек сұрау дағдылары үйретілуі қажет. Педагог, дәрігер, полиция мен әлеуметтік қызметкерлер зорлық белгілерін ерте анықтап, жәбірленушіні кінәламай, дұрыс бағыттай білуге тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Зорлық фактілерін сенсацияға айналдырмай, жәбірленушінің жеке өмірі мен қауіпсіздігін қорғау қажет. Сонымен бірге ер-азаматтарды зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысына белсенді тартқан дұрыс. Әкелік жауапкершілік, эмоцияны басқару, тең серіктестік пен құрмет мәдениеті туралы ашық әңгіме қоғамдағы көзқарасты біртіндеп өзгертуі мүмкін.

Отбасы мәселелерін шешудің жаңа институционалдық арнасы

16 наурыздағы Президент Жарлығына сәйкес Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл өз қызметін Ұлттық комиссия құрамында, комиссия төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық негізде жүзеге асырады. Бұл модель бірнеше жаңа мүмкіндік береді. Біріншіден, азаматтар мен отбасылардың нақты мәселелерін мемлекеттік органдар деңгейіне жедел жеткізетін жеке институционалдық арна қалыптасады.

Екіншіден, уәкіл азаматтардың өтініштері мен нақты жағдайларды зерделеу арқылы жүйелік проблемаларды анықтай алады, ал Ұлттық комиссия оларды сараптамалық тұрғыдан талдап, мемлекеттік саясат жөніндегі ұсыныстарға айналдырады. Үшіншіден, министрліктер, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар арасындағы үйлестіру күшейеді. Яғни уәкіл нақты отбасының үнін жеткізсе, комиссия сол мәселеден туындайтын жүйелік шешімді қалыптастыруға ықпал етеді.

Өңірлер үні және кері байланыс

Қоғамның пікірі комиссияға тек ресми хаттар немесе орталық деңгейдегі кездесулер арқылы ғана емес, тұрақты әрі қолжетімді арналар арқылы келуге тиіс. Әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдердің, көпбалалы, толық емес отбасылардың, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың, жастар мен кәсіпкер әйелдердің тәжірибесі мемлекеттік саясатта ескерілуі қажет. Ол үшін өңірлік көшпелі отырыстарды, тақырыптық қоғамдық тыңдауларды, жастар кеңестерін, цифрлық сауалнамаларды тұрақты өткізуге болады.

Өңірлік комиссиялар мен Отбасын қолдау орталықтары жергілікті мәселелерді жинақтап қана қоймай, олардың шешілу барысы туралы кері байланыс беруі қажет. Азаматтардың пікірі жиналғаннан кейін оның қандай шешімге әсер еткені ашық көрсетілгені маңызды. Адамдар «пікірімізді тыңдады» дегенді ғана емес, «ұсынысымыздың нәтижесінде мынадай өзгеріс болды» дегенді көруі қажет. Нағыз қоғамдық қатысу осындай кері байланыс болғанда қалыптасады.

Отбасылық саясат: ғылыми сараптамадан – нақты нәтижеге

Менің ойымша, ғылымнан мемлекеттік шешімге дейінгі жол бес кезеңнен тұруы керек: сенімді дерек жинау, мәселенің түпкі себептерін анықтау, ұсынылған шешімді шағын ауқымда сынап көру, нәтижесін тәуелсіз бағалау, тиімді тәжірибені бүкіл елге тарату.

Мысалы, әйелдердің еңбек нары ғына оралуына қандай факторлар кедергі келтіретінін зерттесек, нәтиже жалпы сипаттағы ұсыныммен аяқталмауы керек. Соның негізінде балабақша қызметін кеңейту, икемді жұмыспен қамту моделін сынау немесе қайта даярлау бағдарламасын енгізу қажет. Кейін оның әйелдердің жұмыспен қамтылуына, отбасы табысына нақты әсері өлшенуге тиіс.

Сонымен қатар ұлттық орташа көрсеткіштермен шектелуге болмайды. Мәліметтер өңір, жас, табыс деңгейі, ауыл мен қала, отбасы құрамы бойынша талдануы қажет. Сонда ғана біз әртүрлі отбасылардың нақты қажеттілігін көре аламыз. Ғылым дәлел ұсынады, қоғам өмірлік тәжірибесін жеткізеді, ал мемлекет осы екеуіне сүйене отырып, тиімді әрі нәтижесі өлшенетін шешім қабылдауға тиіс.