Ultcom KZ

Медициналық пойыз көмек көрсеткен қазақстандықтар саны 24 мыңға жуықтады

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында жұмысын жалғастырудағы «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызына 23866 адам қаралды. Оның ішінде 8388-і – бала. Денсаулық керуенінің мамандары 13 шілде Шыңғырлау станциясында қызметін аяқтаған соң, 14 шілде Қостанай облысында халыққа тегін медициналық-құқықтық көмек көрсетуге кіріседі.

Мамыр айының басында сапарға шыққан пойыз ұжымы бұған дейін Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында болды. Жоғарыдағы дәрігерлер еңбегінен тыс, жылжымалы құрамдағы медиатор мен заңгер 1474 арызды қарастырып, жергілікті тұрғындардың құқықтық, еңбек дауларын шешуге күш салды.

Доңғалақ үстіндегі емханада қабылдау 13:00-14:00 түскі үзіліспен сағ. 09:00-18:00 аралығында жүргізіледі. Азаматтарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.

«Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы үнемі аудан орталығына бара алмайды. Оның үстіне биыл, баршаңызға белгілі, бірқатар өңірді су алып, қиындық туындады. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өздеріне де мамандардан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі бар. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылып, тіпті шағын оталар жасау жағы қарастырылған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.