Ultcom KZ

20–21 қараша күндері Отбасын қолдау орталықтарының психологтары зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға психологиялық қолдау көрсету бойынша тереңдетілген тренингтен өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия зорлық-зомбылықтан зардап шеккен тұлғаларды қорғау жүйесін одан әрі күшейту шараларын жалғастыруда. Осыған орай, 20–21 қараша күндері Отбасын қолдау орталықтарының психологтарына арналған екі күндік арнайы тренинг өтті. Оқыту бағдарламасы әйелдер мен балаларға тергеу және сот кезеңдерінде сапалы психологиялық көмек көрсету мен сүйемелдеу қабілеттерін арттыруға бағытталған.

Тренинг 2025–2027 жылдарға арналған БҰҰ-Әйелдер ұйымы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі арасындағы грант аясында Ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылды.

Оқыту жұмыстарын Қазақстандағы БҰҰ-Әйелдер ұйымының гендерлік теңдік және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі ұлттық сарапшысы Сағадат Сәбитова жүргізеді.

Тренингтің ашылу рәсіміне Ұлттық комиссия мүшесі, ҚР Ішкі істер министрлігінің заң және нормашығармашылық жұмысын үйлестіру департаментінің жетекшісі, полиция полковнигі Ренат Зулхаиров және Қазақстандағы БҰҰ-Әйелдер ұйымының Өкілі Жерен Гювен Гюрэс қатысты. Қатысушылар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсететін мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру және ведомстволар арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды дамыту маңыздылығын атап өтті.

Екі күн бойы психологтар гендерлік және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін меңгерді. Оқыту барысында стереотиптердің, деструктивті әлеуметтік көзқарастардың әсері және зорлық-зомбылық қатынастарының динамикасы қарастырылды. Бағдарлама аясында қайталанған зорлық-зомбылық қаупін бағалау, қауіпсіздік жоспарларын әзірлеу, сондай-ақ тергеу және сот процестері кезінде зардап шеккендерді қолдау бойынша практикалық жаттығулар қамтылған. Бұған балалар мен мүгедектігі бар әйелдерге қатысты жағдайлар да енгізілген.

Арнайы блокта 2022–2025 жылдар аралығындағы заңнамалық өзгерістер, құқық қорғау және сот органдарымен өзара іс-қимыл тетіктері, нақты тәжірибелік жағдайларды талдау және балаларды сот процесіне дайындау мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, мамандардың эмоциялық қажуын болдырмау, жеке қауіпсіздігін сақтау және кәсіби төзімділікті дамыту бойынша маңызды бағыттар қамтылған.

Тренинг фасилитация дағдыларын дамытуға да баса назар аударған. Бұл психологтарға өз орталықтарында ішкі оқыту іс-шараларын өткізуге және меңгерілген әдістемелерді әріптестеріне таратуға мүмкіндік береді.

Тренинг қорытындысы бойынша мамандар травмаға негізделген және гендерлік сезімтал тәсілдерді қолдана отырып жұмыс істей алады, қайта виктимизацияның алдын алады, әйелдер мен балаларды тергеу және сот кезеңдерінде тиімді сүйемелдейді, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жолға қояды, сондай-ақ ішкі оқытуды ұйымдастыруға қабілетті болады. Бұл дағдылар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық жүйені нығайтуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

21 қарашада тренинг қорытынды талдаумен, пост-тест жүргізумен және жаңа тәсілдерді Отбасын қолдау орталықтарының жұмысына енгізу мүмкіндіктерін талқылаумен аяқталды.

Ұлттық комиссия мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру, заманауи жұмыс стандарттарын ілгерілету және әйелдер мен балаларға қолдау көрсететін ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.