«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының дәрігерлерінен 3 400-ден астам ауыл тұрғыны тегін көмек алды
Қазақстанның ауыл-аймақтарында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жұмысы жалғасуда. Дәрігерлер мен кеңесшілер тұрғындарға тегін медициналық және құқықтық-әлеуметтік көмек көрсетіп жатыр.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда. Осы ұйымдардың бірлескен еңбегінің арқасында көмек еліміздің ең шалғай ауылдарына дейін жетіп отыр.
Бүгінге дейін пойыз 100 ауылды аралап, 3 413 тұрғын кеңес алған. Көптеген өтініштер әлеуметтік төлемдер, құжат рәсімдеу, тұрғын үй алу және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты болған.
Костанай облысының тұрғынына қатысты оқиға – соның айғағы. Әйел адам 35 жыл бойы кеңестік төлқұжатпен өмір сүріп келген. Құжаты болмағандықтан, дәрігер қабылдауына да кіре алмай жүрген.
Медициналық пойыздың мамандары бұл жағдайға бейжай қараған жоқ. Медиатор мен заңгер Шолпан Шалғазина архивтік деректерді қалпына келтіріп, Адам құқықтары жөніндегі бюроға, Бас прокуратура мен ІІМ-ге өтініш жолдады. Нәтижесінде әйелге жеке куәлік ресми түрде берілді.
«Мұндай жағдайлар әрбір адамға назар аударудың және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың қаншалық маңызды екенін көрсетеді», — дейді жоба мамандары.
Сондай-ақ Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлердің мәселесі де шешімін тапты. Көп жыл бойы олар санаторийлік ем алу жеңілдіктерін пайдалана алмай келген. Медиаторлардың араласуынан кейін ардагерлерге квота бөлініп, алғаш рет тегін сауықтыру емін қабылдау мүмкіндігі туды.
Қазір «Саламатты Қазақстан» пойызы Түркістан облысында жұмысын жалғастыруда. Маршрут басталғалы бері дәрігерлер мен медиаторлар 1 040 ауылдан 80 мыңнан астам тұрғынға көмек көрсетті.
Ұлттық комиссияның қолдауымен ауыл тұрғындарына медициналық және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Саламатты Қазақстан» жобасы жүзеге асырылып келеді. Комиссияның қатысуының арқасында медиаторлар мен құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңесшілер үш жыл қатарынан медпойыз құрамында жұмыс істеп келеді.