Ақтөбе, 1 маусым 2025 жыл
1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақтөбе қаласында кең көлемді мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Негізгі іс-шаралар «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының жанында өтті. Балалар мен олардың ата-аналары үшін шығармашылық, техникалық және ойын-сауық алаңдары жұмыс істеді. Таңертеңнен бастап бұл жерде күлкі мен музыка естіліп, шынайы мерекелік көңіл-күй орнады.
Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады: «Бүгін, жаздың алғашқы күні, біз Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтудеміз. Әрбір ата-ана үшін ең үлкен бақыт — баласының тәрбиелі, адал әрі еңбекқор азамат болып өсуі. Ал мемлекет үшін ең маңызды міндет — білімді, дені сау және отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгі балалар — ертеңгі еліміздің тірегі. Әр бала мейірім мен қамқорлықта өссін», — деді өңір басшысы.
Салтанатты шарада ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның Хатшысы Гаухар Нұрахметова сөз сөйлеп, Ұлттық комиссия атынан жұртшылықты мерекемен құттықтады.
«Балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, психологиялық әл-ауқатын қорғау — Ұлттық комиссияның басты міндеті. Бұл бағытта бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылуда.», - деді Гаухар Сердалқызы.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы төрағалық еткен үшінші Ұлттық құрылтайда айтылған тапсырма аясында Үкімет әзірлеп жатқан «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының маңызын атап өтті. Бұл бағдарлама еліміздегі балалардыңөзекті мәселелерін шешуге арналған, сын қатерлерге жауап беретін тұтас ұлттық жүйе болмақ.
«Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының барлық өңірлерден 1600 респонденттің қатысуымен жүргізген зерттеу нәтижесі қазақстандықтар үшін аса маңызды құндылықтардың бірі отбасы екенін атап өтті. Бұл қазақстандық қоғамның отбасы деген ұғымды жоғары бағалайтыны қуантады және отбасы мен неке саласына қатысты өзекті мәселелер шешімін тауып, дұрысталады деген үміт тудырады.», – деді Гаухар Нұрахметова.
Қоғамдық сананы, рухани-адамгершілік құндылықтарды жаңғыртпай, отбасы институтын нығайтып, оның беделін арттырмай, ұлттың рухани құндылықтарын сақтау мен нығайту мүмкін еместігін атап өтті. Осыған байланысты ол сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің негіздерін сақтап, оны жастарды тәрбиелеу ісінде жүйелі түрде пайдалану - бүгінгі күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Іс-шара аясында көрме, театрландырылған қойылымдар, музыкалық және хореографиялық нөмірлер ұсынылды. Техникалық шығармашылық орталықтары мен колледждер робототехника, модельдеу және өнер саласындағы жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Балалар ашық аспан астында сурет салып, ерекше белсенділік танытты.
Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін «Өнер орталығында» облыстық мәслихат депутаттары балалармен бірге қатысып ән шырқаған «Күн шуақты баламыз» атты концерттің ерекшелігін айтқан жөн.
Ұлттық комиссияның Хатшысы, балаларға арналған инфрақұрылымды жақсартуға, оларды шығармашылыққа, ғылымға және спортқа баулуға бағытталған әлеуметтік жобалар Ақтөбе өңірінде ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп жүйелі жүргізіліп отырғанын, және бұл бағыттағы тәжірибенің басқа өңірлерге де үлгі бола алатынын атап өтті.
Балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар мемлекеттік органдардың, отбасы және қоғамның бірлескен еңбегі нәтижесінде жоғары деңгейде өтті. Бұл – еліміздің жас ұрпағына деген жауапкершілікті, махаббат пен сенімді көрсететін жарқын мысал.
Ұлттық комиссияның баспасөз қызметі
ulttyqkomissia@gmail.com | +7 778 229 4777