Президент Жолдауында қазіргі әлемнің жаңа тарихи дәуірге аяқ басқанын атап өтті. Геосаяси текетірестер мен соғыс ошақтарының көбеюі, халықаралық құқықтың әлсіреуі, көші-қон мен қауіпсіздік тәуекелдерінің артуы – Қазақстан үшін де елеулі сын-қатерлер туғызып отыр. Осындай күрделі жағдайда еліміздің басты бағыты – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және ұлттық қауіпсіздікті күшейту. Соңғы жылдары саяси жүйе ашық әрі озық сипат алып, институционалдық сенім нығайғанымен, қоғамды жан-жақты жаңғырту жұмысы жалғаса бермек. Негізгі стратегиялық мақсат ретінде үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру және жасанды интеллектіні кеңінен енгізу міндеті қойылды.
Цифрландыру
Цифрландыру саласында Президент ең алдымен «Цифрлық кодексті» жедел қабылдауды тапсырды. Ол жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен деректер және басқа да бағыттар бойынша құқықтық негізді айқындайды. Сондай-ақ құзырлы ведомство базасында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, оны Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы қажет. Мемлекеттік басқару азаматтардың мүддесіне сай қайта құрылып, ашықтық пен тиімділік күшейтіледі. Үкіметтің барлық салаға жасанды интеллектіні жаппай енгізуге міндетті екені ерекше атап өтілді.
Инвестициялар мен қаржы жүйесі
Инвестициялар мен қаржы жүйесі Жолдаудағы маңызды бөлімдердің бірі болды. Инвестициялық саясат енді шикізатқа емес, өңдеу өнеркәсібіне көбірек бағытталып, жоғары технологиялар саласына арнайы жеңілдіктер беріледі. Ірі, орта және шағын инвесторлар үшін бірыңғай әрі қағазбастылықсыз жұмыс жүйесі енгізіліп, үйлестіру тікелей Премьер-Министрдің бақылауында болады. «Инвестиция» атауы бар уәкілетті құрылымды айқындау бойынша он күн ішінде нақты ұсыныс әзірленуі тиіс.
Президент заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитетке өзгерту бастамасын ұсынды. Бұған қоса, қайтарылған қаражат әлеуметтік нысандарды дамытуға бағыттала береді. Ұлттық қордың рөлі қайта қаралып, перспективалы ішкі жобаларды қаржыландырудың қосымша көзі ретінде пайдаланылмақ, бірақ қаражаттың әр тиыны мұқият жұмсалуы шарт.
Жоғары технологиялық салаларға 1 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тарту бағдарламасын Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп әзірлеуі тиіс. Екінші деңгейлі банктердің нақты секторды несиелеуі күшейтіліп, жыл соңына дейін жаңа «Банктер туралы» заң қабылданбақ. Оның мақсаты – бәсекені арттыру, жаңа қатысушыларды тарту, қаржы технологияларын дамыту және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру.
Цифрлық теңге республикалық және жергілікті бюджеттерде, сондай-ақ мемлекеттік холдингтердің жұмысында кеңінен қолданылатын болады. Сонымен қатар Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қоры құрылып, стратегиялық крипторезерв жинақтау ісі қолға алынады.
Президент киберқылмысқа қарсы күреске ерекше тоқталды. Бұл бағытта антифрод орталығы құрылып, биометриялық анықтау енгізіледі, қаржы ұйымдарының жауапкершілігі күшейтіледі. Қажет болған жағдайда заңнаманы да, құқық қорғау қызметінің жұмысын да жаңарту қарастырылады.
Өңдеу өнеркәсібі, энергетика және жер қойнауы
Президент Жолдауда өңдеу өнеркәсібін әртараптандыруды жүйелі түрде үйлестірудің және қолдау институттарын ретке келтірудің маңызын атап өтті. Әсіресе тау-кен металлургия саласында терең өңдеуге басымдық беріліп, алдағы үш жылда жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш жаңа кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Көмірсутектерді терең өңдеу бағытында да нақты жобалар белгіленген: Атыраудағы газ-химия кешені мен Павлодардағы сұйытылған газды терең өңдеу зауыты уақтылы пайдалануға берілуі керек.
Энергетика саласында «жасыл» бағытқа айрықша назар аударылды. Алдағы бес жылда 6,3 гигаватт жаңа қуат көздері іске қосылмақ. Дегенмен, басты мақсат – энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осы тұрғыда көмір энергетикасын экологиялық технологиялар арқылы жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ ядролық энергетика мәселесіне де ерекше тоқталды: Алматы облысында алғашқы АЭС құрылысы «Росатоммен» бірлесіп басталды, ендігі жерде екінші және үшінші атом электр стансаларының жобасын қарастыру міндеті тұр. Сонымен қатар Қытаймен атом саласында стратегиялық әріптестік нығая түспек.
Жер қойнауын игеру ісінде де жаңа кезең басталады. Геологиялық саланы цифрландыру арқылы заманауи карта жасалып, келесі жылдың ортасына дейін халықаралық стандартқа сай зертхана ашылуы тиіс. Барлық деректер жасанды интеллект арқылы жүйеленіп, реформалардың құқықтық рәсімдері жыл соңына дейін аяқталады.
Ауыл шаруашылығы, жер және агроғылым
Ауыл шаруашылығында мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілгенімен, оның тиімділігін арттыру қажеттігі атап өтілді. Осы салада өнімді терең өңдеу жобаларына 2 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тартылып, үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Үздік агрохолдингтердің тәжірибесін кеңінен тарату және жаппай цифрландыру арқылы өнімділікті арттыру көзделуде.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында агрохабтар мен логистика орталықтары құрылып, жасанды интеллектіні қолдана білетін серіктестік мәдениеті қалыптасады. Мал шаруашылығын қолдау жоспары аясында ішкі нарық толық қамтылып, экспорттық әлеует күшейтіледі. Импортқа тәуелділікті азайту, ұлттық өнімдерді сыртқы нарыққа белсенді шығару үшін агроэкспорттың кешенді жоспары әзірленбек. Ол логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттарды, маркетингтік шараларды қамтиды. Еуразиялық экономикалық одақ аясында әділ бәсекені қамтамасыз ету, отандық өндірушілердің, әсіресе сүт саласының мүддесін заңнамалық тұрғыда қорғау міндеті қойылды.
Жер саясатына келсек, игерілмеген және заңсыз алынған жерлерді мемлекетке қайтару жалғасады. 2022 жылдан бері 13,5 миллион гектар жер қайтарылды, енді әкімдер оның барлығын келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі тиіс. Жерді бөлу шешімдері толық цифрландырылып, электрондық конкурстар арқылы қабылданады, жыл соңына дейін тиісті заңнамалық өзгерістер жасалады. Космомониторинг, геоталдау және жасанды интеллект арқылы жер сапасы мен дақылдарды спутниктік бақылау жүргізіліп, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы әзірленеді.
Агроғылым саласында да жаңа міндеттер бар. Ғылыми жетістіктердің коммерциялануын арттыру, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабына айналдыру көзделуде. Сондай-ақ ветеринария мен фитопатология бағыттары күшейтіліп, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ғылыми негіз қалыптастырылады.
Көлік-логистика және кеден
Президент Жолдауында Қазақстанды Еуразиядағы негізгі құрлық хабы ретінде орнықтыру міндеті қойылды. Бұл бағытта цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану көзделіп отыр. Биыл «Достық–Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылады. Ал «Бақты–Аягөз» және «Қызылжар–Мойынты» жобалары белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Сонымен бірге транзиттік дәліздерге сәйкес автожолдарды дамыту, әсіресе «Сексеуіл–Бейнеу» жолын жеделдету ерекше маңызға ие. Бұл Қытай мен Еуропа арасындағы жеткізу мерзімін үштен біріне қысқартуға мүмкіндік береді.
Транзит әлеуетін күшейту үшін контейнерлік тасымал үлесін ұлғайтуға бағытталған арнайы бағдарлама қабылданып, мультимодальды бағыттар дамытылады. Жыл соңына дейін барлық көлік түрлері бойынша бәсекелі тариф саясаты енгізіледі. Қазан айының соңына дейін кеден және логистика үшін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесі іске қосылып, биылдың өзінде сегіз шекара бекеті жаңғыртылады. Алдағы үш жылда тағы 34 бекет толық жаңартылады.
Әуе жүк тасымалын екі есе ұлғайту үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп Ұлттық жүк тасымалдаушы құрылмақ. Экспресс-жүк секторын ретке келтіру де күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар пилотсыз көліктер мен дрон логистикасын енгізуге құқықтық жағдай жасалатын болады. Жолаушылар тасымалында жаңа зауыт іске қосылып, халықаралық стандарттарға сай вагондар шетелдік серіктестермен бірге өндіріледі.
Туризм саласы да назардан тыс қалмайды. Президент инфрақұрылымды тәртіпке келтіруді өзінің жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді. Орталық органдар шетелдік туристерді тартуға және құқықтық қамтамасыз етуге жауапты болса, Алматы қаласы мен облысында тау және тау шаңғысы туризмі үшін заманауи инфрақұрылым құру қажет.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және су саясаты
Президент ондаған жылдар бойы қараусыз қалған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын түбегейлі жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта тарифтерді ырықтандыру және басқарудың жаңа моделін енгізу көзделіп отыр. «Ақылды қала» тұжырымдамасы барлық өңірге таратылады, қажет болған жағдайда шетелдік кәсіби менеджерлер тартылады. Мемлекет реттеуші және бақылаушы рөлін атқарса, жаңғырту мен технология енгізу жеке сектордың міндетіне айналады. Барлық инфрақұрылым жобаларының ашықтығы цифрлық тәсілдер арқылы қамтамасыз етіледі.
Құрылыс саласында BIM технологиялары мен ұлттық цифрлық платформа енгізіліп, жыл соңына дейін жаңа Құрылыс кодексі қабылданады. Су саясаты да ерекше назарда. Жаңа Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылды. Енді су ресурстарының нақты балансын жасау, кадрларды даярлау және су дипломатиясын дамыту маңызды міндеттер қатарында.
Су есепке алу жүйесі жаңартылып, шығындарды қысқарту жоспарланып отыр. Жасанды интеллект негізінде Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасы жасалып, гидрогеологиялық мониторинг толық жолға қойылады. Су үнемдеу технологиялары шұғыл енгізіліп, қажет болса Қытайдың озық шешімдері сатып алынады. «Қара нарықтағы» суға қарсы шаралар да қолға алынады.
Аралдың солтүстік бөлігін сақтау бойынша нәтижелер бар, бірақ жұмыс жалғасады. Сонымен қатар Каспий теңізі үшін мемлекетаралық бағдарлама әзірленеді. Экологиялық мәдениетті нығайту мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылады. Бұл бастама аясында экологиялық ағарту мектептен жоғары оқу орнына дейін бірыңғай үлгіде енгізіледі.
Кәсіпкерлік және реттеу
Президент шағын және орта бизнестің үлесі өсіп келе жатқанына қарамастан, өнім өндіретін кәсіпкерлердің үлесі әлі де жеткіліксіз екенін айтты. 2023 жылғы Жарлық толық орындалмағандықтан, бұл бағытта жұмыстар күшейтіледі. Заңнаманы жасанды интеллект көмегімен түгендеп, қайшылықтарды жою жоспарланған. Осы мақсатта Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады.
Міндетті талаптар тізімі жедел енгізіліп, бизнеске әкімшілік қысым азайтылады. Салық әкімшілендіруі түбегейлі цифрландырылып, Мемлекеттік кірістер комитеті жасанды интеллектіні салық төлеушілердің мүддесіне пайдалануға тиіс. Жаңа Салық кодексі ашықтық пен адалдық мәдениетін орнықтырып, түсетін әрбір теңге халық игілігіне жұмсалуы қажет.
Даму институттары қайта форматталып, талдау жасау қабілеті мен инвестициялау құқығы бар толыққанды құрылымдарға айналады. Мемлекеттің экономикадағы үлесі қысқартылып, мемлекеттік секторды реформалау бойынша нақты ұсыныстар енгізіледі. Сонымен бірге Мемлекеттік мүлік туралы заң жаңартылып, экономикадағы мемлекеттік қатысу шегі айқындалатын болады.
Адам капиталы, білім, ғылым және еңбек нарығы
Президент Жолдауда адам капиталының сапасын арттыру – мемлекеттің ұзақмерзімді дамуының басты кепілі екенін атап өтті. Бұл бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – «Келешек мектептері» жобасы. Бүгінде жоспарланған 217 мектептің 150-і іске қосылды, қалғандары үш ай ішінде пайдалануға беріледі. Жасанды интеллект құзыреттерін мектеп қабырғасынан бастап енгізу маңызды міндет ретінде белгіленді: оқушыларға арнайы бағдарлама мен оқу материалдары әзірленіп, мұғалімдердің де дағдыларын дамыту қарастырылады.
Студент жастарды инновациялық процестерге кеңінен тарту үшін «Al-Sana» бағдарламасы іске асуда. Оның аясында 100 мың студент технологиялық жобаларға қатысады. Ауылдағы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Qazaq Digital Mektebi» жобасы қолға алынады. Бұл – қашықтан оқыту мен жасанды интеллектке негізделген шағын жинақты мектептің жаңа үлгісі, ауыл балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
Ғылым мен инновацияны басқару да жаңа деңгейге көтеріледі. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігі шоғырландырып, Ғылым академиясымен үйлестіру жұмысы жолға қойылады. Жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланатын университеттерге көбірек дербестік беріліп, дарынды зерттеушілер қолдау табады. Сонымен бірге кадр тапшылығын азайту үшін көші-қон саясаты қайта қаралып, білікті шетелдік мамандарды тарту тетіктері жетілдіріледі.
2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Өндіріс саласында білікті кадрларға сұранысты қамтамасыз ету, оларға лайықты жалақы мен мәртебе беру жоспарланған. Жастарды нақты секторға тарту үшін ынталандыру шаралары жүзеге асырылады.
Көші-қон саясаты да жаңғыртылады. Ішкі және сыртқы көші-қонды қамтитын бірыңғай цифрлық жүйе құрылып, мегаполистер инфрақұрылымына түсетін қысым реттеледі. Әсіресе Астана тәжірибесі негізінде халық санының теңгерімсіз өсуіне жауап шаралары қабылданбақ. Өңірлерде тартымды орталықтар құру, әлеуметтік төлемдерді біріздендіру, әлеуметтік масылдық пен алаяқтықтың алдын алу – осы бағыттағы басымдықтар қатарында.
Сонымен қатар демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы жасақталады. Ол үлкен деректер мен жасанды интеллектке сүйене отырып жұмыс істейді. Зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы ұзақ мерзімге қамтамасыз етіліп, азаматтарға лайықты зейнетақы төлемдерін беру үшін жаңа ұсыныстар әзірленеді. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасады.
Денсаулық сақтау, қауіпсіздік, мәдениет және спорт
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында бүгінде 540 нысан салынды, жыл соңына дейін тағы 115 нысан іске қосылады. Астанада заманауи онкология орталығы, Алматыда жұқпалы аурулар орталығы ашылады. Медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне жасанды интеллект арқылы мониторинг жүргізу жүйесі енгізіліп, фармацевтиканы дамыту мен отандық дәрі-дәрмек үлесін арттыру міндеті қойылды.
Қоғамдық қауіпсіздікте жол апаттарының санын азайтуға қоғам жауапкершілігін күшейту басты бағыттардың бірі болды. Электросамокаттарға қатысты заңнамалық түзетулерді жедел қабылдау да жол қауіпсіздігін арттыруға сеп болады.
Мәдениет пен өнер саласында инфрақұрылымды салу және жаңарту, заманауи талаптарға бейімдеу қажеттігі атап өтілді. Бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен егде жандарға арналған спорт клубтары ашылып, олардың өмір сапасын арттыруға жағдай жасалады. Сонымен бірге шетелдік легионерлерді қаржыландыруды шектеу саясаты жалғасады.
Футболды коммерцияландыру, клубтарды жекешелендіру үдерісін жеделдету арқылы кәсіби спорт табысты индустрияға айналуы тиіс.
Сыртқы саясат және халықаралық ұйымдар
Президент Жолдауда Қазақстанның сыртқы саясаты теңгерімді әрі сындарлы бағытта, ұлттық мүддеге толық сай жүзеге асатынын атап өтті. Жыл басынан бері Қытай, Түркия, Қырғызстанға ресми сапарлар жасалды, жыл соңына дейін Ресей мен Өзбекстанға сапарлар жоспарланып отыр. Өңір елдерінің басшыларымен тұрақты кездесулер өткізу де басты назарда. Қазақстан-Америка диалогы жанданып, Еуропалық одақпен байланыстар белсенді жалғасуда. Сонымен бірге мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудың өзектілігін көтеріп, Бас Ассамблея алаңында еліміздің айқын ұстанымын білдіретінін айтты.
Құқық тәртібі, қоғамдық мәдениет және патриотизм
Ел ішінде құқық тәртібін күшейту – басты қағидаттардың бірі. Президент «Заң және тәртіп» қағидасын түбегейлі орнықтырып, құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік орнату қажеттігін ерекше атап өтті. Қоғамдық орындардағы өрескел мінез-құлыққа жол берілмеуі тиіс, ал әдеп пен мәдениет ең алдымен отбасынан бастау алуы қажет. Патриотизмнің заманауи мазмұны жасампаздық пен жаңашылдыққа негізделіп, әрбір азаматтың технологиялық ілгерілеуге, елдің дамуына үлес қосуымен айқындалады.
Парламенттік реформа
Жолдауда жаңа саяси бастама жарияланды – бір палаталы Парламент құру идеясы. Бұл ұсыныс кемінде бір жыл бойы қоғамдық және сараптамалық талқылауға шығарылады. 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу жоспарланып отыр. Егер оң шешім қабылданса, жаңа Парламент тек партиялық тізім бойынша сайланатын болады. Реформа аяқталғанша Мәжіліс пен Сенат өз өкілеттігін жалғастырады, ал саяси партияларға жаңа бәсекеге дайындалуға уақыт беріледі. Президенттің айтуынша, ашық саясат қағидаты бұл жолы да сақталады: тағдыршешті өзгерістер тек халықтың келісімімен жүзеге асады.
Қорытынды және іске асыру тетігі
Жолдаудың түйінінде барлық бастамаларды жүйелеу үшін «Digital Qazaqstan» атты цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың бірыңғай тұжырымдамасы қабылданатыны айтылды. Бұл құжат барлық ұлттық бастамалар мен жобаларды ортақ стратегияға біріктіреді. Суперкомпьютерді іске қосу – тек бастамасы ғана, ал Қазақстанды шын мәнінде цифрлық мемлекетке айналдыру үшін кешенді жұмыс қажет.
Барлық реформа түптеп келгенде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сапалы қызмет пен инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, ертеңгі күнге сенімді нығайтуға бағытталған. Президент бірлік, тұрақтылық және әділдік қағидаттары егемендік пен тұтастықты нығайтудың басты шарты екенін баса айтты. Жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуі жалғаса береді.