Ultcom KZ

JANYNDAMYN жобасы студенттер арасында кеңінен танылып келеді

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жастар арасында психологиялық тұрақтылық пен өзара көмек мәдениетін дамытуға бағытталған JANYNDAMYN жобасы іске қосылды.

Манаш Қозыбаев атындағы университетте JANYNDAMYN пилоттық жобасының ашылуына арналған акция өтті. Жоба жастардың психологиялық тұрақтылығын арттыруға және өзара көмекті насихаттауға бағытталған.

Жобаның негізгі мақсаты – психикалық денсаулық идеяларын насихаттау, университетте қолдаушы орта құру, өзіне және өзгелерге жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Сондай-ақ, психологиялық білім негіздері мен әлеуметтік коммуникация дағдыларын үйрету.

Идея авторы әрі бастамашысы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия. Комиссия жобаның тұжырымдамасын әзірлеп, әдістемелік сүйемелдеуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сияқты халықаралық серіктестер тартты.

JANYNDAMYN жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы Жолдауында жастарға арналған психикалық денсаулық қызметтерін дамыту бойынша қойылған міндеттер аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жоба тең дәрежеде өзара әрекет ету (peer-to-peer) қағидаттарына негізделген – студенттер, оқытушылар мен қызметкерлер бірлесе отырып психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетуді көздейді.

Пилоттық кезең аясында клиникалық психология, психиатрия, салауатты өмір салтын қалыптастыру және театр психологиясы бойынша базалық білім алған 40 студент-волонтер дайындықтан өтті.

Жобаның бірінші кезеңінің аяқталуына арналған іс-шараға Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова, ДДСҰ Қазақстандағы кеңсесінің сарапшысы Ақбота Әбілдина және ДДСҰ психологы Сымбат Әдбірахманова қатысты.

Алдағы уақытта жобаны кеңейту және еліміздің басқа да университеттеріне енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Жұлдызай Ысқақова Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесу өткізіп, 2025 жылғы 12–18 мамыр аралығында өтетін Республикалық репродуктивті денсаулық апталығына дайындық мәселелерін талқылады.