Қазақстанда жаңа Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығы ашылады
2025 жылғы 8 қыркүйек күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған дәстүрлі Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындайтын бірқатар маңызды бастамаларды жариялады. Солардың ішінде басты жаңалық – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру.
Жаңа орталық халық санының табиғи өсімі, ішкі және сыртқы көші-қон, еңбек нарығы, урбанизация мен өңірлік теңсіздіктерді жүйелі талдауға, әлеуметтік саясат пен зейнетақы жүйесіне түсетін ұзақмерзімді жүктемені бағалауға мүмкіндік береді. Президенттің айтуынша, қазіргі таңда ел ішінде де, сыртта да көші-қон ағымдары бірыңғай есеп пен мониторингсіз жүргізіліп жатыр, ал Астананың инфрақұрылымы ресми тіркелген 1,5 миллион тұрғынға емес, күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетуде. Жаңа Орталық нақты карталар мен қысқамерзімді болжамдар ұсына отырып, Үкімет пен әкімдіктерге дер кезінде шешім қабылдауға жағдай жасайды.
Президент жастар саясаты мен білім беру саласына ерекше назар аударды. Ауыл мектептерін сапалы оқу материалдарымен қамтамасыз ету үшін «Qazaq Digital Mektebi» жобасын дамыту тапсырылды. Бұл бастама жасанды интеллектіні меңгерген ұстаздар мен оқушылардың үлесін арттырып қана қоймай, еңбек нарығы мен кадр саясатына да әсер ететін болады. Сонымен бірге жаңа бағдарламалар мен қашықтан оқыту құралдары білім беруде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.
Денсаулық сақтау саласында да маңызды жаңалықтар бар. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында соңғы жылдары жүздеген нысан салынды, ал биыл жыл соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, медициналық қызметтер сапасы мен көлемін жасанды интеллект арқылы мониторингтеу жүйесін енгізу тапсырылды, бұл әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін демографиялық қысымды теңестіруге көмектеседі.
Су ресурстарының маңызы да ерекше атап өтілді. Мемлекет басшысы судың тапшылығы барған сайын өткір сезіліп отырғанын, ұлттық су теңгерімін қалыптастыру және су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажеттігін айтты. Жасанды интеллект арқылы платформаның жерүсті және жерасты сулары туралы мәліметтерді жинап, аймақтық тәуекел карталарын жасауға мүмкіндік беретіндігі айтылды.
Президенттің Жолдауында әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісім мәселелері де қамтылды:заңдылықты сақтау, құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік, патриотизм мен бірлік, жастарды дәстүрлер мен моральдық құндылықтарға баулу басты қағидат ретінде көрсетілді.
Айта кетейік, Қазақстанда халықтың орташа жасы – 32 жас, ал Еуропалық Одақ елдерінде бұл көрсеткіш 44-тен асады. Жастар жалпы халықтың үштен бір бөлігін құрайды және олардың әлеуеті елдің тұрақты дамуы үшін стратегиялық ресурс болып табылады.
Өткен жылы ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия демографиялық даму бойынша ұсыныстар әзірлеген болатын. Жаңа Орталық осы ұсыныстарды жүзеге асырудағы келесі маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, институт әлеуметтік саясатты жаңа деңгейге көтеріп, елдің жастар әлеуетін тиімді пайдалану стратегиясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Жолдауда елдегі реформалық бағыттар да айтылды:цифрландыру, жоғары технологияларға инвестиция, өңдеу өнеркәсібін жаңғырту, «жасыл» энергетика мен атом саласын дамыту, ауыл шаруашылығы, көлік және логистиканы модернизациялау, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт.
Адам капиталын дамыту басты назарда. «Келешек мектептері», «Al-Sana» және «Qazaq Digital Mektebi» жобалары он мыңдаған оқушылар мен студенттерді білім мен технология әлеміне тартуда, дарынды ғалымдар мен мамандарға қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, Президент саяси реформаларды да жариялап, бірпалаталы парламент идеясы мен 2027 жылы ұлттық референдум өткізу жоспарларын айтты.
Президенттің сөзінше, реформалардың басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, қызметтер мен инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету және болашаққа сенімді нығайту. Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы – жастар әлеуетін стратегиялық тұрғыда пайдалану және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық болашағын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.