ОТБАСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОТБАСЫЛАР – 2026» ҰЛТТЫҚ БАЯНДАМАСЫН ӘЗІРЛЕУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
4 сәуір күні «Қазақстандық отбасылар – 2026» ұлттық баяндамасының құрылымы мен мазмұнын пысықтауға арналған жұмыс кездесуі өтті. Жиынға Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқармасының төрағасы Жұлдызай Ысқақова мен Ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева қатысты.
Талқылау барысында тараптар құжаттың практикалық мәнін күшейту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға арналған нақты ұсынымдар әзірлеу мәселесі қаралды. Сонымен қатар болашақ баяндаманың басым бағыттары айқындалды. Олардың қатарында жауапты ата-ана болу, отбасы мен білім беру жүйесінің өзара ықпалдастығы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау мәселелері бар.
Жұлдызай Ысқақова Институт құрамындағы Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығы қабылданып жатқан шешімдерді кешенді талдамалық тұрғыдан сүйемелдеудің негізгі алаңдарының бірі екенін атап өтті. Орталық қызметі өзекті қоғамдық үдерістерді зерделеуге, қолданбалы зерттеулер әзірлеуге және практикалық ұсынымдар ұсынуға бағытталған.
Снежанна Имашева ұлттық баяндаманың қазақстандық отбасылардың өмір сапасын арттыруға бағытталған шешімдер қабылдауға қызмет етуі қажет екенін айтты. Талқылау аясында отбасы мен ата-ана рөлдерінің өзгеруі, ата-аналардың бала тәрбиесі мен оқыту үдерісіне белсене қатысуын арттыру, сондай-ақ отбасы, мектеп және мемлекеттік институттар арасындағы әріптестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесудің жеке бір бағыты институционалдық өзара іс-қимылды дамытуға арналды. Тараптар үйлестіру, деректер алмасу және бірлескен талдамалық жұмысты ұйымдастыру тетіктерін айқындады. Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылық әлеуетті, талдамалық ресурстар мен практикалық тәжірибені тоғыстыратын тұрақты әрі мазмұнды ынтымақтастықты жолға қою жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бұл жұмыс отбасылық және гендерлік саясат саласында тиімді шешімдер әзірлеуге бағытталады.
Ұлттық баяндама тұрақты негізде әзірленіп, Мемлекет басшысына ұсынылады. Бұл құжат отбасылық саясат саласындағы басымдықтарды айқындайтын негізгі талдамалық құралдардың бірі саналады.