Ultcom KZ

«Ауыл Әйелі» форумы: Ауыл әйелдері – өзгерістердің басты қозғаушы күші

Атырау облысының Индер ауданында «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты форум өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, «Ауыл» партиясы мен Атырау облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған форум еліміздің түкпір-түкпірінен келген әйелдер үшін айтулы оқиға болды. Іс-шараға белсенді әйел көшбасшылар, кәсіпкер әйелдер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Форум аясында мерекелік шеру ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы мен қолөнер өнімдерінің көрмесі ашылды. Қатысушылар өзара байланыс орнатып, іскерлік пікірталастарға қатысып, тәжірибе алмасты. Әйелдер өз өнімдері мен қолөнер бұйымдарын, инновациялық жобалары мен табысты бастамаларын ұсынды. Осылайша форум тек кездесулер ғана емес, нақты іс-қимыл мен жаңа мүмкіндіктер алаңы екені айқын байқалды.

Ауыл әйелдері – тек ана, жар және тәрбиеші ғана емес, ел дамуының негізгі қозғаушы күші.

Ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің шамамен 40%-ын әйелдер құрайды. Олар кәсіпкер әрі көшбасшы (ШОБ-тағы әйелдердің үлесі 48,1%, ал ауыл кәсіпкерлерінің 27%-дан астамы – әйелдер). Олар – ауылдық жерлердің тұрақтылығы мен әлеуметтік тірегінің негізі.

Пленарлық сессиялар Ұлттық комиссияның белсенді қатысуымен өтті. Модератор ретінде комиссия мүшесі Айгерім Сәрсенбаева сөз сөйледі.

Бірінші сессия ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға арналды. Шағын және орта бизнесті дамыту, қаржылық қолдау тетіктері және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Спикерлер нақты көмек көрсету механизмдері мен табысты тәжірибелерімен бөлісті.

Екінші сессияда әйелдердің бастамалары ауылдық жерлердің дамуындағы негізгі қозғаушы күш ретінде қарастырылды. Қатысушылар өз жобалары туралы айтып, ұлттық құндылықтарды сақтау мен цифрлық технологияларды енгізудің ауыл қауымдастықтарының дамуына ықпалын көрсетті. Әрбір табысты тәжірибе залда қызу талқыланды.

Форумның ең әсерлі сәттерінің бірі – түрлі номинациялар бойынша үздік ауыл әйелдерін марапаттау рәсімі болды. Жеңімпаздар барша қатысушыларға шабыт пен жаңа мүмкіндік символына айналды. Ресми бөлімнен кейін делегаттар жергілікті кәсіпорындарға және өңірдің көрікті нысандарына барып, ауданның даму үлгісімен танысты.

Өз сөзінде Ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сәрсенбаева іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«“Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ” форумы – Ұлттық комиссияның ауылдық жерлердегі әйелдердің әлеуетін арттыру бағытындағы нақты қадамы. Әйелдер – ауылдық өңірлердің тұрақтылығы мен экономикалық қуатының тірегі. Олардың еңбегі мен бастамалары әрдайым қолдауға ие болуы тиіс», – деді А. Сәрсенбаева.

Сондай-ақ, ол Ұлттық комиссияның әйелдерге арналған ұлттық бағдарламаларды үйлестіру, білім беру және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту, мемлекеттік институттар мен белсенді әйелдер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту бағытындағы маңызды рөлін атап өтті.

Форум ауыл әйелдерінің елдің әлеуметтік және экономикалық өміріндегі белсенді күш ретінде өз әлеуетін жергілікті де, халықаралық деңгейде де жүзеге асыруға дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.