Ultcom KZ

Атырау облысындағы жасөспірімдер арасындағы жүктілік: Ұлттық комиссия дабыл қақты

25–26 тамыз күндері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері Атырау облысына іссапармен барды. Делегацияны Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко және аймақ бойынша куратор, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Әдиева бастап барды.

Жылыой және Мақат аудандарында комиссия мүшелері көпбалалы аналармен, Аналар, Іскер әйелдер кеңестерінің өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ Отбасын қолдау орталықтары мен жыл сайын шамамен 150 ерекше қажеттіліктері бар бала оңалтудан өтетін түзету орталығында болды.

Сапар барысында жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығына ерекше назар аударылды. Атырауда өткен өңірлік семинарда алаңдатарлық деректер жария етілді: 2025 жылдың 7 айында кәмелетке толмағандар арасында 63 жүктілік жағдайы тіркелген, 2024 жылы – 127, ал соңғы төрт жылда шамамен 600 жағдай орын алған.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының деректеріне сәйкес, 15–18 жас аралығындағы жасөспірімдердің тек 8%-ы ғана контрацепцияны қолданады. Қорқыныш пен сыннан жасқанғандықтан, олардың көбі дәрігерге жүгінбейді, интернеттегі кеңестерге сүйеніп өздігінен емделуге тырысады. Бұл көбіне асқынуларға, бедеулікке, тіпті қайғылы жағдайларға әкеп соғады.

Сонымен бірге, өңірде жастарға арналған денсаулық орталықтары мен Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Мұнда көмек тегін әрі құпия түрде көрсетіледі. Алайда бұл мүмкіндіктер туралы барлығы біле бермейді.

«Жасөспірімдер арасындағы жүктілік – бұл тек қыздардың тағдыры емес, өңірдің әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететін мәселе. Біз мемлекет, мектеп, медициналық ұйымдар мен ата-аналар бірігіп, әрбір қыз көмек бар екенін және қолжетімді екенін білуі, оған еш қорықпай жүгінуі үшін күш біріктіруіміз қажет», – деп атап өтті Ұлттық комиссия мүшесі Альфия Әдиева.

Семинар қорытындысы бойынша комиссия мүшелері мектептер мен колледждерде профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, жастар денсаулығы орталықтарының желісін кеңейтуді және жасөспірімдердің мамандарға деген сенімін арттыруды ұсынды. Ақпараттық кампанияға да ерекше назар аударылады: әлеуметтік желілерді, жедел желілерді және мобильді топтарды белсенді пайдалану жоспарлануда. Бұл әрбір жасөспірімге қолдау алу жолдарын нақты көрсетуге мүмкіндік береді.