Астанада гендерлік сезімтал бюджеттеуді енгізу бойынша семинар өтті
22–23 қазан күндері Астанадағы БҰҰ ғимаратында «Гендерлік сезімтал бюджеттеуді енгізу» тақырыбында екі күндік семинар өтті. Іс-шараны БҰҰ Әйелдер құрылымы (UN Women) және ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия ұйымдастырды.
Семинарға мемлекеттік органдардың өкілдері, стратегиялық жоспарлау мен қаржы саласының сарапшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың мамандары қатысты. Тренингті БҰҰ Әйелдер құрылымының халықаралық сарапшысы, Бюджеттік шешімдер институтының бас директоры Александр Ковалевский жүргізді.
Ұлттық комиссия мүшесі Жұлдыз Давлетбаева семинардың ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, гендерлік сезімтал бюджеттеу (ГСБ) – бюджеттік саясаттың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды құрал екенін атап өтті.
«Гендерлік бюджеттеу қабылданатын шешімдердің нақты әсерін айқындап, қаражаттың әйелдер мен ерлердің өмір сапасына қалай ықпал ететінін талдауға жол ашады. Бұл – мемлекеттік шығындарды әділ, мақсатты және тең дәрежеде бөлуді қамтамасыз ететін нақты тетік», – деді ол.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар жүйелі қадам жасады. Оның ішінде 2006–2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы, «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бар.
Қазіргі уақытта елде гендерлік талдауды мемлекеттік жоспарлау мен бюджеттеу жүйесіне енгізудің жаңа кезеңі басталды. Бұл тәсіл бүгінде әлемнің 90-нан астам мемлекетінде қолданылып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік қолдаудың тиімділігі мен дәлдігін күшейту арқылы өзінің нәтижелілігін дәлелдеді.
Қазақстанда да алғашқы пилоттық жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, Ақмола облысының мемлекеттік органдарында зерттеу жүргізіліп, Кәсіпкер әйелдер қауымдастығының қолдауымен бірқатар оқу бағдарламалары жүзеге асырылды.
Екі күнге созылған семинарда қатысушылар ЕЭЫДҰ және Орталық Азия елдерінің тәжірибесін зерделеп, Қазақстанда гендерлік сезімтал бюджеттеуді енгізу бойынша жол картасын талқылады.
Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.