Ultcom KZ

Душанбеде Орталық Азия әйелдері диалогы аясында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» форумы өтті

2025 жылғы 25 қарашада Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеде Орталық Азия әйелдері диалогының қорытынды іс-шарасы – «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбындағы Форум өтті. Тәжікстанның төрағалығымен ұйымдастырылған бұл іс-шара аймақтағы тәжірибе алмасу, қол жеткізілген нәтижелерді талқылау және бейбітшілік пен қауіпсіздік саласында бірлескен шешімдер әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды.

Форумға әйел көшбасшылар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтар, сондай-ақ Орталық Азия елдерінен келген жастар бастамалары қатысты.

Іс-шара барысында әйел бейбітшілік қызметкерлерінің рөліне ерекше назар аударылды. Аймақтағы бейбітшілік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі олардың үлесі жоғары бағаланды.

Форум жұмысына Ауғанстан өкілдерінің қатысуы іс-шараның өзектілігін арттыра түсті. Сонымен қатар Әзербайжан мен Ираннан келген қонақтар аймақтық көзқарасты кеңейтіп, диалогты Орталық Азия шегінен тыс ауқымға шығаруға ықпал етті.

Қазақстан делегациясы Форум жұмысына ресми түрде қатысып, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия атынан Ляззат Сүлеймен «Орталық Азиядағы әйел көшбасшылығы: жетістіктер, сын-қатерлер және делдалдық рөлі» тақырыбындағы панельдік сессияда сөз сөйледі.

«Гендерлік теңдікті ілгерілету, әйелдердің шешім қабылдау үдерістеріне инклюзивті қатысуын қамтамасыз ету және отбасы институтын дамыту – Қазақстандағы тұрақты әлеуметтік дамудың негізгі элементтері. Біз заңнаманы жетілдіру, сайлау процестеріне әйелдердің қатысуын кеңейту және мемлекеттік қызметтегі гендерлік теңгерімді арттыру бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен, әлі де сын-қатерлер бар. Атап айтқанда, “көрінбейтін шектеулер”, гендерлік стереотиптер, менторлыққа және бейресми ықпал желілеріне қолжетімділіктің шектеулілігі», – деді Ляззат Сүлеймен.

Ол сондай-ақ әйел көшбасшыларды даярлау, олардың саяси және қоғамдық белсенділігін дамыту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мысал ретінде «Amanat» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген Қазақстандағы әйелдердің саяси амбиция индексінің статистикасы келтірілді. Зерттеу нәтижелері бойынша, ең жоғары саяси амбициялар жоғары білімді және табысы жоғары әйелдер арасында байқалады, ал 18-45 жас аралығындағы белсенділік болашақ әйел көшбасшылығының әлеуетін қалыптастыратыны атап өтілді.

Форум аясында панельдік сессиялар, тікелей пікірталастар, интерактивті жұмыс топтары, әйел-бейбітшілік қызметкерлерінің табысты тәжірибелерін таныстыру және тақырыптық кездесулер өткізілді. Талқыланған негізгі тақырыптар қатарында бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы әйел көшбасшылық, әйел-бейбітшілік қызметкерлері мен жастардың бірлескен бастамалары, сондай-ақ білім беру мен кәсіпкерлік арқылы ауған әйелдерін қолдау мәселелері болды.

Іс-шара аймақтық «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібіндегі ынтымақтастықты нығайтуға, әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы рөлі туралы хабардарлықты арттыруға, өңірлік көшбасшы әйелдердің табысты тәжірибелерін бөлісуге, сондай-ақ ортақ қорытынды мәлімдеме мен ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.

Форум Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту стратегияларын талқылау және тәжірибе алмасу үшін маңызды өңірлік алаңға айналды. Сонымен бірге ол Қазақстанның әйел көшбасшылығын дамыту және аймақтың болашақ әйел көшбасшыларын қолдаудағы белсенді рөлін айқын көрсетті.