Еуропалық Одақпен тәжірибе алмасу: Қазақстан гендерлік теңдік бағдарламасында
2025 жылғы 9-12 қыркүйек аралығында Стокгольм қаласында «Саясаттағы гендерлік теңдік» атты халықаралық бағдарлама өтті. Іс-шараны ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (OSCE/ODIHR), БҰҰ-Әйелдер ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік кеңсесі (UN Women ECARO) және Швеция Үкіметі бірлесіп ұйымдастырды.
Бағдарламаға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Гүлмира Қанай қатысты.
Жиынға Еуропалық Одақ елдері мен Орталық Азиядан 30-дан астам мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдері жиналды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – әйелдердің саясаттағы үлесін арттыру, гендерлік сезімтал басқару тетіктерін енгізу және заманауи мемлекеттік саясат үлгілерін әзірлеу.
Күн тәртібінде саясаттағы гендерлік теңдіктің теориясы мен тәжірибесі, шешім қабылдау үдерісіндегі әйелдердің рөлі мен ықпалы, гендерлік теңдік саласындағы жаңа бастамалар мен инновациялық бағдарламалар секілді негізгі тақырыптар талқыланды.
Швеция тәжірибесіне айрықша назар аударылды. Қатысушылар ел үкіметі мен Парламентінің өкілдерімен кездесті. Атап айтқанда, Гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі министрдің мемлекеттік хатшысы Катарина Лундальмен, Еңбек министрлігінің гендерлік теңдік жөніндегі бөлімінің басшысы, доктор Ленита Фрейденваллмен, сондай-ақ Риксдагтың гендерлік теңдік жөніндегі жұмыс тобының мүшелерімен пікір алмасты.
Швеция әйелдердің саясаттағы үлесі бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі саналады. Бүгінде ел парламентіндегі орындардың 46-47 %-ын әйелдер иеленген. Сарапшылардың айтуынша, тек қана квота енгізу жеткіліксіз. Негізгі рөлді қолдаушы тетіктер – икемді еңбек жағдайлары, отбасылық міндеттердің тең бөлінуі және қоғамдағы дәстүрлі көзқарастарды өзгерту.
Бұл тәжірибе алмасу Қазақстан үшін ерекше маңызды. Ол әйелдердің әлеуетін толық жүзеге асыруға және мемлекеттік басқару жүйесіне белсенді араласуына жағдай жасайтын ұлттық саясатты жетілдіруге мүмкіндік береді.