Ұлттық комиссияның қолдауымен VII Республикалық Ауыл әйелдері форумы өтті
2024 жылғы 15 қарашада Астанада VII Республикалық Ауыл әйелдері форумы өтті. Форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен 200-ден астам ауыл әйелдері көшбасшылары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шараның негізгі тақырыптары – ауылдық аймақтардың тұрақты дамуы, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, «жасыл» технологияларды енгізу және қаржылық қолдау мүмкіндіктерін талқылау болды.
Форумда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден сөз сөйледі. Спикер өз баяндамасында ауыл әйелдерін қолдау қажеттілігіне, олардың экономикалық әлеуетін арттыруға және ауыл шаруашылығындағы рөлін нығайтуға ерекше тоқталды.
«Ұлттық комиссия ауыл әйелдерінің бастамаларын қолдау, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және ауылдық аймақтарда өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы іс-шараларды белсенді түрде жүзеге асыруда. Ауыл әйелдері экономикамыздың тірегі болып табылады, сондықтан олардың әлеуетін толыққанды іске асыру – тұрақты дамудың маңызды шарты», – деп атап өтті ұлттық комиссия мүшесі.
Форум аясында «Өсу сатылары» және «Бір ауыл – бір өнім» секілді ауыл әйелдерін қолдауға арналған жобалардың нәтижелері ұсынылды. Бұл бағдарламалар ауыл шаруашылығындағы шағын және орта бизнесті қолдап, инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған.
Форум шеңберінде гранттық байқаудың алғашқы жеңімпаздары марапатталды. Жоба аясында 30 грант қарастырылған, оның 14-і форум кезінде табысталды. Бұл гранттар ауыл әйелдеріне өз бизнес-идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді.
Форум және жобалар туралы қосымша ақпаратты ccb.kz/forums сілтемесі арқылы білуге болады.