Ұлттық комиссия мүшелерінің Ақмола облысына жұмыс сапары өтті
2025 жылғы 4–5 тамызда Ақмола облысына(Көкшетау қаласы, Атбасар, Зеренді және Бурабай аудандары) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері — Муслим Хасенов пен Татьяна Миронюк жұмыс сапарымен барды.
Сапар Комиссия отырысында берілген тапсырмаларды орындау аясында ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдармен кездесулер, өзекті мәселелерді талқылау және тәжірибе алмасу мақсатында өтті.
Жұмыс сапарының мақсаты — Отбасыны қолдау орталықтары мен Жастар денсаулығы орталықтарының қызметімен танысу, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын, оның ішінде осы саладағы әкімшілік заңнама ережелерін түсіндіру.
Ақмола облысында халықты әлеуметтік қолдаудың келесі мекемелері жұмыс істейді: • 2 Жастар денсаулығы орталығы — Көкшетау қаласында орналасқан; • 1 Психологиялық қолдау орталығы; • 4 дағдарыс орталығы, оның ішінде: • 3 тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық — Көкшетау, Степногорск және Қосшы қалаларында; • 1 адам саудасы құрбандарына арналған орталық — Көкшетау қаласында; • 7 Отбасыны қолдау орталығы — Степногорск, Қосшы қалаларында, сондай-ақ Атбасар, Бурабай, Шортанды, Зеренді және Астрахан аудандарында.
Аталған мекемелер жоспарлы режимде жұмыс істеп, жасөспірімдерге, әйелдерге, отбасыларға және зорлық-зомбылық құрбандарына қызмет көрсетеді.
Сапар барысында Ұлттық комиссия мүшелері аудан әкімдіктерінің басшылығымен және волонтерлік ұйым өкілдерімен кездесулер өткізді. Жасөспірім қыздардың медициналық қызмет алуы, фертильді жастағы әйелдермен акушерлік-гинекологиялық қызметтердің жұмысы, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді.
М. Хасенов пен Т. Миронюк Отбасыны қолдау орталықтарының, Жастар денсаулығы орталықтарының, Психологиялық қолдау орталығының, Отбасын жоспарлау кабинеттерінің қызметімен танысып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Шанс» дағдарыс орталығында болды.
Әлеуметтік қолдау мекемелерінің жұмысына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша кадр тапшылығы және еңбекақының төмен деңгейі сынды мәселелер анықталды. Осы бағыттар бойынша көрсетілген проблемаларды шешуге қатысты нақты ұсынымдар берілді.