Ultcom KZ

Некролог

Ауыр күйзеліспен және үлкен өкінішпен өмірден өткен Тәтижанова Багдат Ғазизқызын еске аламыз. Ол — жоғары парасат иесі, өз ісіне адал, саналы ғұмырын мемлекет пен қоғам игілігіне арнаған қоғам және мемлекет қайраткері болды.

Багдат Ғазизқызы 1957 жылдың 25 қазанында Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдап, еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Ол өмір бойы ағартушылық пен адамгершілік қағидаттарына берік болып, жас ұрпақтың білім мен тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарады.

Кәсіби қызмет жолында Багдат Ғазизқызы ұстаз, әдіскер, оқу орны директорының орынбасары болып еңбек етті. Кейін Алматы қаласының атқарушы билік құрылымдарында жауапты басшылық қызметтер атқарып, қаланың ішкі саясат, әлеуметтік даму, жастар және отбасы саясаты салаларының өркендеуіне айрықша үлес қосты.

Өмірінің маңызды бөлігі —Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиядағы қызметімен тығыз байланысты болды. Ол бұл бағытта ерекше жанқиярлықпен еңбек етіп, әйелдер мен балалардың, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың мүддесін қорғауға бар күш-жігерін жұмсады.

Әріптестері мен замандастары Багдат Ғазизқызын терең парасат иесі, байыпты, адамгершілігі мол тұлға ретінде таниды. Оның сабырлылығы, жауапкершілігі және адамдарды тыңдап, түсіне білу қасиеті көпке үлгі болды. Ол кез келген істі ізгілік пен абыроймен атқарып, қоғамға пайдалы болуды өмірлік ұстанымына айналдырды.

Өмірден үлкен із қалдырған абзал жанның жарқын бейнесі онымен қызметтес болған, тәлім алған және араласқан жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Багдат Ғазизқызы Тәтижанованың нұрлы жүзі мен игі істері ел жадында ұзақ жылдар бойы жаңғырып тұрады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы Багдат Ғазизқызының туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне оның өмірден өтуіне байланысты шын жүректен көңіл айтады.

Оның адамгершілігі, кәсіби шеберлігі мен елге адалдығы әр жүректе мәңгі сақталады. Жарық жаныңыз жәннатта шалқысын.