Ұлттық комиссия мен Азия даму банкі ауылдық жерлердегі әйелдердің мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған ортақ бастамаларды талқылады
ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның өкілдері Азия даму банкі (АБР) делегациясымен жұмыс кездесуін өткізді.
Талқылау Серіктестіктің елдік стратегиясын әзірлеу шеңберінде өтті және әйелдерді қолдауға бағытталған бірқатар негізгі бағыттарға арналды.
Ұлттық комиссия тарапынан кездесуге төраға орынбасарлары Ляззат Сүлеймен мен Жұлдызай Ысқақова, сондай-ақ Комиссия хатшысы Гаухар Нұрахметова қатысты.
Ұлттық комиссия үшін мұндай келіссөздер стратегиялық маңызға ие. Комиссияның басты назарында — гендерлік теңдікті ілгерілету, әйелдердің, әсіресе ауылдағы әйелдердің экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейту, олардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын арттыру, сондай-ақ тиімді тәжірибелерді енгізу және орнықты бастамаларды қолдау үшін халықаралық әріптестікті дамыту.
Кездесу барысында тараптар ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыру, олардың ресурстарға, білім беру және экономикалық мүмкіндіктерге қолжетімділігін жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударды. Жиынның маңызды бөлігі климат және су ресурстары тақырыбы болды — қатысушылар климаттың өзгеруінің осал топтарға әсерін және экологиялық жобаларға гендерлік тәсілді ықпалдастыру жолдарын талқылады.
Кездесу өзара конструктивті түрде өтті. Ұлттық комиссия мен АДБ әйелдердің тұрақтылығын арттыруға және олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысуын қолдауға бағытталған бірлескен бастамаларды әрі қарай дамыту жөнінде уағдаласты.