Ultcom KZ

Қазақстанның әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрестегі жүйелі қадамдары Нью-Йоркте жоғары бағаланды

БҰҰ-ның Әйелдердің жағдайы жөніндегі комиссиясының 70-сессиясы аясында өткен «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі кездесу халықаралық қауымдастық назарын осы саладағы өзекті мәселелерге аударды. Осы алаңда Қазақстан өз тәжірибесін таныстырып, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырып жатқан нақты шараларын ортаға салды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Айман Умарова өз сөзінде елде қабылданған заңнамалық және институционалдық өзгерістерге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әрекеттері қылмыстық сипаттағы құқықбұзушылық ретінде қарастырылып, ол үшін көзделген жауапкершілік едәуір күшейтілді. Сонымен қатар, аңду, кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипаттағы қысым көрсету, қыз алып қашу, некеге мәжбүрлеу секілді әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленіп, балаларға қатысты буллинг пен кибербуллингке қарсы тетіктер де күшейтілді.

Айман Умарова бүгінгі күні Қазақстанның барлық өңірлерінде полиция құрылымында гендерлік зорлық-зомбылық фактілерін тергеумен айналысатын әйелдерден тұратын мамандандырылған тергеу топтары құрылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, осы саладағы қауіп-қатерді ерте анықтауға және тиісті әрекет етуге мүмкіндік беретін ұлттық тәуекелдерді бағалау стандарты әзірленіп, қолданысқа енгізілді.

Зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету жүйесі де кезең-кезеңімен нығайып келеді. Қазір елімізде 121 Отбасын қолдау орталығы, екі мыңнан астам мобильді топ, 50 дағдарыс орталығы және балаларды бейімдеуге арналған 10 орталық жұмыс істейді. Сонымен қоса, 111 Бірыңғай байланыс желісі арқылы тәулік бойы көмек алуға болады.

Жүйелі түрде қабылданған шаралар нақты нәтижесін көрсетті. Тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстар саны 20 пайызға төмендеп, соңғы 7 жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге жетті.

Кездесу барысында Қазақстан әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жетістіктерін де таныстырды. Бүгінде әйелдер елдегі жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығын құрайды. Олар шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысынан астамына жетекшілік етіп отыр. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі 56 пайыздан асады. Сот жүйесінде де әйелдердің саны басым.

Айман Умарова сөз соңында Қазақстанның әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісінде халықаралық әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Қазақстан ұсынған тәжірибе Комиссияның 70-сессиясына қатысушылар тарапынан зор қызығушылық туғызып, еліміздің гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілету мен зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін орнықтыру жолындағы сенімді серіктес ретіндегі беделін айқындай түсті.