Ultcom KZ

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

2025 жылдың 31 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған, «Отанын сатқандардың әйелдері» аталған Ақмола лагері – АЛЖИРдің орнында бой көтерген музей-мемориалдық кешенге барды. Президент жапа шеккендердің рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды және Қазақстан жастарына арнап үндеу жасады.

«Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болмаған үрдістер пайда болып жатыр. Жасанды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қандай ықпалы болмақ екені әлі толығымен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек. Абайша айтқанда, «ғылым таппай мақтанбауы» қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – әр азаматтың қасиетті парызы екенін атап өтті.

«Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, ол Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын жоғары бағалады.

«Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды», – деп еске салды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл жұмыс ауқымы жағынан ТМД кеңістігінде баламасы жоқ екенін айтты.

«Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс. Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ», – деді Президент.

Тарихи жады туралы айта келе, Президент қоғамды манипуляцияға берілмеуге шақырды.

«Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды», – деп нақты айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол ХХ ғасырдың қасіретті тарихынан сабақ алу – келешек үшін маңызды екенін атап өтті.

«Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланысты. Ұлт жылнамасындағы қаралы кезеңдерді жадымызда жаңғыртудың түпкі мәні осында», – деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тарихқа кең көлемде, терең қарай білу керектігін атап өтті.

«Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастар үшін негізгі бағдар – тәуелсіздік пен ел бірлігі болуы тиіс екенін баса айтты.

«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.