Ultcom KZ

Қазақстан балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі алғашқы жаһандық министрлік конференциясына қатысты

2024 жылғы 7-8 қарашада Колумбияның Богота қаласында балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі алғашқы жаһандық министрлік конференциясы өтті. Іс-шараны Колумбия және Швеция үкіметтері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою мәселелері жөніндегі арнайы өкілімен бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияның мақсаты – балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді әдістерін талқылау және 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына, атап айтқанда, әрбір баланың зорлық-зомбылықсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге жәрдемдесу.

Халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша, жыл сайын әлемде шамамен 1 миллиард бала физикалық, эмоционалдық және сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Мұндай зорлық-зомбылық балалардың құқықтарын бұзып қана қоймай, психикалық аурулардың, қант диабеті және қатерлі ісік сияқты жұқпалы емес аурулардың, сондай-ақ қылмыстық әрекет және тәуелділік сияқты әлеуметтік мәселелердің даму қаупін арттырады. Мәселенің ауқымы тек балаларға ғана емес, бүкіл қоғамға зиян келтіріп, оның негіздерін бұзып, әлемдік экономикаға жыл сайын миллиардтаған доллар шығын әкеледі.

Конференцияға Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бастаған қазақстандық делегация қатысты. Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Н. Оспанова, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Л. Баззи-Вейл және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А. Ертаев болды. Қазақстандық делегация пленарлық отырыстарға, параллель сессияларға және іс-шараларға белсенді қатысып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған балаларды қорғау саласындағы маңызды реформалар туралы тәжірибесімен бөлісті.

Конференция барысында ЮНИСЕФ-тің атқарушы директорының орынбасары Омар Абдимен кездесу өтті, онда ол соңғы бірнеше жылдағы Қазақстанның балалар құқықтарын қорғау саласындағы айтарлықтай жетістіктерін атап өтті. Қазақстанның жетістіктері ретінде әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңның қабылдануы, сондай-ақ Сириядан қазақстандық балаларды қайтару бойынша «Жусан» гуманитарлық операциясы ерекше атап өтілді.

Конференция елдердің балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі міндеттемелерін жаңартуға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жаңа бастамаларды іске қосуға, балалар мен жастар қозғалысын қолдауға және үкіметтер арасында келісілген саяси декларацияны қабылдауға ықпал етті.

Динара Закиева Қазақстанда Президенттің басшылығымен жүргізіліп жатқан реформалардың, сондай-ақ балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қолдайтын негізгі институттар ретінде Құрылтай мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның рөлін атап өтті.