Астанада Ұлттық комиссияның қолдауымен сапалы дене тәрбиесі тақырыбында оқыту семинары өтті
2024 жылғы 11 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен ЮНЕСКО арасындағы бірлескен жоба аясында Астанада сапалы дене тәрбиесінің принциптерін насихаттау, денсаулық мәдениетін қалыптастыру және жастар арасында физикалық белсенділікті арттыру мақсатында оқыту семинары өтті.
Семинарға дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт басқармаларының қызметкерлері қатысты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым балалардың белсенді өмірлік ұстанымына, физикалық белсенділігіне, бұқаралық спорт пен дене тәрбиесін дамытуға ерекше назар аудару керектігін баса айтады. Балалар мен жастардың теориялық дайындықтары мен физикалық белсенділігіне бірдей мән беру өте маңызды. 2023 жылдан бастап біз ЮНЕСКО-менбірлесіп, «Сапалы дене тәрбиесі» жобасы аясында бірқатар іс-шаралар өткізіп келеміз. Жоба дене тәрбиесінің сапасын арттыру саясатын әзірлеуді, дене шынықтыру сабақтарын өткізудің жаңа әдістерін жетілдіруді және мұғалімдердің біліктілігін арттыруды қамтиды. Бұған дейін семинарлар Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында өткізілді», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко.
Семинарлар аясында ЮНЕСКО клубтарының мүшелерімен және дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мамандығында оқып жатқан студенттермен қосымша сессиялар ұйымдастырылды.
«Ұлттың болашағы сау және белсенді жастарға байланысты. Осыған байланысты ЮНЕСКО «Fit for Life» жаһандық бастамасы аясында Қазақстанда «Сапалы дене тәрбиесі саясатын» енгізу жобасын қолға алды. Бұл жоба аясында біз дене шынықтыру саласын терең талдап, сапалы дене тәрбиесі саясатын әзірледік. Біз гендерлік теңдік және инклюзивтілік қағидаларына баса назар аударып, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Бүгін Астанада дене шынықтыру мамандары мен әдіскерлерге арналған үшінші семинар өтіп жатыр. Сондай-ақ семинар аясында кәсіби спортшылармен қосымша сессиялар өткізіп, жастарды физикалық белсенділікке тартуға бағытталған мотивациялық жұмыстар жүргізудеміз», — деп атап өтті ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесінің әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторының бағдарламалар жетекшісі Максат Байбеков.
Осындай семинарлар Қазақстанның бірнеше қаласында, атап айтқанда, Орал, Түркістан, Ақтөбе және Алматы қалаларында да өтетінін атап өткен жөн.
Семинарды ұйымдастырушылар: Алматыдағы ЮНЕСКО-ның аймақтық кеңсесі, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығы, Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті және ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық ұлттық федерациясы. Семинар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен өтті.