Ultcom KZ

Қазақстан Бейжіңдегі Жаһандық әйелдер саммитінде: теңдік, көшбасшылық және құқықтарды қорғау басты назарда

Бежіңде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған әлемдік ауқымдағы маңызды іс-шара – Жаһандық әйелдер саммиті өз жұмысын аяқтады. Форумға 110 елден 800-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, азаматтық қоғам мен әйелдер бірлестіктерінің көшбасшылары бар.

Саммиттің өтуі гендерлік теңдік мәселесінің әлемдік күн тәртібінде әлі де өзекті екендігін көрсетті. Қатысушылардың айтуынша, қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, әйелдер әлі күнге дейін түрлі кедергілерге тап болып отыр. Ресурстарға тең қолжетімділіктің шектелуі, дискриминация мен зорлық-зомбылық мәселелері өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Саммиттің бастамашысы болған Қытай тарапы әйелдерді қолдауға бағытталған бірнеше нақты шара ұсынды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде бейбітшілік пен қауіпсіздік – әйел әлеуетін дамыту мен қоғамның тұрақты дамуының басты шарты екенін атап өтті. Сондай-ақ әйелдердің шешім қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуы – тұрақты дамудың негізгі кепілі екенін айтты.

Қазақстан атынан саммитке Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова және ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Зүлфия Байсақова қатысты.

Зүлфия Байсақова халықаралық серіктестермен ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан 1995 жылы қабылданған Бейжің іс-қимыл платформасынан бері гендерлік теңдік қағидаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Елде әйелдердің қоғам өміріне қатысуы кеңейіп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық жүйе үнемі жетілдірілуде.

Саммиттің пленарлық отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова сөз сөйлеп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі құқықтық және институционалдық тетіктерді нығайтудың, сондай-ақ халықаралық үздік тәжірибелермен алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Президент жанындағы Ұлттық комиссия Қазақстандағы әйелдер күн тәртібін ілгерілетуде маңызды рөл атқарып келеді. Комиссия қызметінің басты бағыттарына әйелдердің көшбасшылық қабілетін дамыту, экономикалық дербестігін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасы құндылықтарын нығайту кіреді.

Қазақстан өкілдері әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке комитет құрудың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заманауи заң қабылдаудың қажеттілігін атап өтті.

Саммит қорытындысы бойынша гендерлік теңдік саласындағы халықаралық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын Төрағаның мәлімдемесі қабылданды. Қатысушылар енді нақты іс-қимыл уақыты келгенін атап өтті.

Бейжіңдегі бұл саммит Қазақстанның әділдікке, серіктестікке және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге деген берік ұстанымын тағы бір мәрте айқын көрсетті. Ұлттық комиссия алдағы уақытта да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтып, елдегі әйелдердің мәртебесін, құқықтарын және көшбасшылық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды жалғастыруды көздеп отыр.