Ultcom KZ

Жетіген станциясында 2024 жылға қорытынды концерт өтеді

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өткен аптадан бері Алматы және Жетісу облыстарында халыққа тегін қызметін көрсетуін жалғастырып жатыр. Доңғалақ үстіндегі емхананың биылғы жұмысы ендігі апта тиісті өңірлерде аяқталатын болады.

Бұл ретте, 14 желтоқсан Жетіген станциясында, «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен жергілікті тұрғындарға осы жылға соңғы ән-шашу ұйымдастырылады.

2-8 желтоқсан аралығы жылжымалы құрамдағы медицина қызметкерлері 5 343 адамның денсаулығын қараса, олардың 1 456-сы бала болып отыр. Аталған пойыздағы медиатор мен заңгер мамандар сәйкес мерзімде әлеуметтік-еңбек құқығы мәселелері бойынша 27 тұрғынға кеңес берді.

Мамыр айының басында сапарға шыққан пойыз ұжымы бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында болды. Бүгінде 96 037 қазақстандықты (оның ішінде 22 354 бала) медициналық қызметпен қамтыған дәрігерлер еңбегінен тыс, медиатор мен заңгер 2 928 арызды қарастырып, жергілікті азаматтардың құқықтық, еңбек кикілжіңдерін шешуге күш салды.

Пойыз вагондарында қабылдау 13:00-14:00 түскі үзіліспен сағ. 09:00-18:00 аралығында жүргізіледі. Азаматтарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.

Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

Әлеуметтік жобаҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.