Ultcom KZ

Ұлттық комиссия мүшелері Назым Жанғазинова мен Баян Жандосова Түркістан облысындағы әлеуметтік мекемелерді аралады

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері Назым Жанғазинова мен Баян Жандосова репродуктивті денсаулық апталығы аясында Түркістан облысындағы әлеуметтік мекемелерге барды.

Жұмыс сапары аясында Назым Жанғазинова мен Баян Жандосова 3 әлеуметтік нысанды, оның ішінде Ордабасы орталық аудандық ауруханасын, «Көмек» дағдарыс орталығын, «Қамқорлық» отбасы орталығын аралады.

Алғашқы орталық Ордабасы ауруханасы болды. Ұлттық комиссия мүшелері аурухана қызметкерлерімен кездесіп, ғимарат ішін аралап, науқастармен әңгімелесті. Баян Жандосова репродуктивті денсаулық апталығы аясындағы ұлттық комиссияның бастамасы туралы айтты:

«Ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау үшін жағдай жасау міндеттері Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген. Репродуктивті денсаулық апталығы жасөспірімдер арасында ұрпақ жалғастыру денсаулығының маңызы, мерзімінен бұрын жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу әдістері туралы, сондай-ақ жатыр мойны обырын тудыратын адам папилломавирусының алдын алу қажеттілігі туралы ақпараттың аздығы сияқты мәселелерді шешуге бағытталған», - деді Баян Жандосова.

Ұлттық комиссия мүшесі Назым Жанғазинова әйелдер ең алдымен өз денсаулығына қамқорлық жасау керектігін атап өтті:

«Брифингте журналистердің бірі Қазақстанда көп балалы аналар санының азайғанын атап өтті. Әрине, еліміздің демографиялық жағдайын көтеру маңызды, бірақ мұны тиімді түрде атқару қажет. Әйел бала туатын инкубатор емес. Дені сау бала туу үшін әйелдер өздерінің денсаулығына қамқорлық жасауы керек. Әйел босанғаннан кейін кем дегенде 2 жыл денсаулығын қалыпқа келтіру керек», - деп атап өтті Назым Жанғазинова.

Ұлттық комиссия мүшелері пациенттермен сұрақ-жауап форматында әңгіме жүргізді. Кездесуге білікті гинекологтар, репродуктологтар мен психологтар тартылды.

Келесі кезекте ұлттық комиссия мүшелері «Көмек» дағдарыс орталығында болып, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен кездесті. Ұлттық комиссия мүшелері профилактикалық әңгімелесулер өткізіп, кейбір мәселелерді шешуге көмек көрсетті.

Жұмыс сапарының соңында Назым Жанғазинова мен Баян Жандосова «Қамқорлық» отбасы орталығында мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарымен кездесті. Әйелдер орталық көмегінің арқасында балаларын әлеуметтендіретінін, жаңа дағдыларды меңгеретінін айтты. Назым Жанғазинова инклюзивті қоғамды ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де дамыту керектігін атап өтті.