Ultcom KZ

Шығыс өңірінен Қостанай облысына гуманитарлық көмек жөнелтілді. Көмек керуені бұл аймаққа үш үлкен киіз үй мен гигиеналық заттарды жеткізбек

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен облыстарға ел болып көмек көрсетіліп жатыр. Әр өңірден аттанған көмек керуеніне Шығыс жұрты да қосылды. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшелерінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған гуманитарлық көмек Арқалық қаласына жөнелтілді.

«Су тасқынынан зардап шеккендерге әр өңір қолдан келгенше көмек беруде. Біз де барымызды аямаймыз. Оның үстіне бұл жолғы көмек мақсатты түрде жіберіліп отыр. Арқалық тұрғындарына керекті заттар тізімін алдық. Соған сай барлығын жинауға тырықтсық. Қостанай облысының сұрауымен барлығы 250 адамға шақтап жинадық. Киім-кешек те, гигиеналық заттар да жиналды. Бұл қайырымдылыққа қоғам белсенділері, кәсіпкер әйелдер, ауған соғысының ардагерлері және басқалар атсалысты. Осындай ізгі іс арқылы әйелдер қауымының да ілкімді іс атқара алатынын көрсеттік деп ойлаймын,» - дейді әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшесі Зарина Айдарханқызы.

Қостанай облысына жөнелтілген керуенде су тасқынынан зардап шеккендерге ең қажет деген заттар жиналған. Азық-түліктен бастап киім-кешек, балалардың жөргегіне дейін бар. Сондай-ақ Арқалықтағы ағайынның сұрауымен үш үлкен киіз үй де көлікке тиелді.

«Қарғын судан жапа шеккендерге қол ұшын беру мақсатында бүгінгі қайырымдылық ісіне атсалысуды жөн көрдік. Қазақта «бірлік бар жерде тірлік бар» деген аталы сөз бар. Ауған соғысының ардагерлері де осы қағиданы ұстанып, керек заттар алып, ақшалай да көмек беруде. Су тасқынынан зардап шеккен жұртшылыққа сабырлық, жақсылық тілейміз. Тасқынның беті қайтып, тұрғындар үйлеріне тезірек оралсын,» - дейді облыстық «Ауған соғысы ардагерлерінің одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы Қайрат Мусин.