Өзіне қамқор болу — саналы адамның сергек жауапкершілігі
14 мамыр – Республикалық Репродуктивті денсаулық апталығы аясында Ерлер денсаулығы күні деп жарияланды. Бұл күннің мақсаты — қоғамда қалыптасқан ескі түсініктерді бұзып, ер адамның денсаулығы да әйелдің денсаулығы сияқты отбасы үшін маңызды екенін еске салу.
Бүгінде көптеген ер азаматтар дәрігерге тек жағдай күрделенген кезде ғана жүгінеді. Ал шын мәнінде, уролог, андролог, терапевт секілді бейінді мамандардың кеңесіне уақытылы барып, скринингтен өтіп отыру — созылмалы қабыну, гормоналды бұзылыс және репродуктивті жүйеге қатысты бірқатар дерттің алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда еліміздің түрлі өңірлерінде тегін тексерулер, дәрістер мен вебинарлар ұйымдастырылуда. Ақпараттық науқанға спортшылар, қоғам қайраткерлері мен пікір көшбасшылары қатысып, өз тәжірибесімен бөлісіп, шынайы күш — өзің мен жақындарыңа қамқор бола білуде екенін атап өтуде.
Ерлер денсаулығы — үнсіз қалатын тақырып емес, керісінше, ұзақ ғұмырдың, бала тәрбиесіне белсенді араласудың және отбасы амандығының негізі.
Өзіне деген байыпты әрі саналы көзқарас — келесі ұрпақтың денсаулығына қосылған үлес.