Ultcom KZ

24 маусым – Халықаралық дипломатиядағы әйелдер күні

2022 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында 24 маусым – Дипломатия саласындағы әйелдер күні болып ресми түрде бекітілді.
Қазақстандық әйел-дипломаттар халықаралық қатынастарды нығайтуға және еліміздің әлемдік аренадағы мүдделерін ілгерілетуге зор үлес қосып келеді. Сонымен қатар, олар гендерлік теңдік пен тұрақты даму мақсаттарын ілгерілету бағытында да белсенді жұмыс істеуде.
Бүгінгі таңда Қазақстанда дипломатиялық қызметте жоғары лауазым иеленіп жүрген әйелдердің саны артып келе жатқаны қуантады. Шет елдерде осындай лауазымдарда қызмет атқарып жүрген 11 әйел бар.
Қазақстандық дипломат әйелдерге ата-бабамыздан дарыған кішіпейілділік, байсалдылық, аз сөзділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық сияқты асыл қасиеттер қызмет жолында көмегін тигізуде.
Кәсібилік, төзімділік пен нәзік даналық – қазақстандық әйелдердің дипломатиядағы күрделі мәселелерді шешіп, елге қуаныш пен мақтаныш сыйлауына негіз болуда.
Айта кеткен жөн, БҰҰ жүйесінде елші қызметін атқарған әйелдердің саны жөнінен Қазақстан әлем бойынша көш бастап тұр. Бұл – еліміздің халықаралық аренадағы ерекшелігі.
Қазақстандық дипломатиядағы әйелдер көшбасшылығының символы ретінде біз мақтанышпен Акмарал Арыстанбекованы атай аламыз – ол Қазақ КСР-інің тұңғыш Сыртқы істер министрі және Қазақстанның БҰҰ-дағы алғашқы Тұрақты Өкілі.
Сондай-ақ, Израильде, Италияда елші, БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкіл, Кубадағы елші қызметтерін атқарған Бырғаным Айтимованы да мақтан тұтамыз.
Өткен жылдың маусым айында тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызды оқиға – белгілі қазақстандық дипломат Мәдина Жарбосынованың БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою жөніндегі комитетіне 2025–2028 жылдарға мүше болып сайлануы болды.
Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан да дипломатиялық салада көп жыл еңбек еткен.
Қазақстандық дипломатия жетістіктерінің негізінде ұрпақтар сабақтастығы үлкен рөл атқарады. Бұл саланы таңдаған жастарға үлкен үміт артамыз.
Осы күні дипломатия саласында қызмет етіп жүрген барлық әйелдерге зор денсаулық, амандық, тыныштық пен жақсылық тілеймін!

Қазақстан Республикасы Президентінің
жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-
демографиялық саясат жөніндегі
ұлттық комиссияның Төрайымы А.Балаева