Ultcom KZ

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері Батыс Қазақстан облысындағы эвакуациялық пункттер мен гуманитарлық штабқа барды

Бүгін ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері Батыс Қазақстан облысындағы эвакуациялық пункттер мен гуманитарлық штабқа барды.

Делегация құрамында Е.Тарасенко – Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Н.Жанғазинова – Ұлттық комиссия мүшесі, Ж.Сабирова – психолог. Сапарының басында комиссия мүшелері қазіргі уақытта 42 адам, оның ішінде 25 бала тұратын «Саяхат» қонақ үйінде орналасқан эвакопунктке барды. Ұлттық комиссия мүшелері гуманитарлық көмек таратып, зардап шеккендерге уақыт бөліп, оларды қолдау мен назармен қамтамасыз етті.

Одан әрі делегация Ж.Досмұхамедов атындағы Жоғары педагогикалық колледжінің жатақханасы мен М.Өтемісов атындағы БҚУ жатақханаларында болды. Ұлттық комиссия мүшелері тұру жағдайымен танысып, су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық және психологиялық көмек көрсетті. Сапардың соңғы пункті Түркістан облысынан гуманитарлық көмекпен жүк келген «Жекпе-жек» спорт кешеніндегі гуманитарлық штаб болды.

Бұл сапарлар қиын кезеңдерде ынтымақтастық пен өзара көмектің маңыздылығын көрсетеді. Ұлттық комиссия қиын жағдайға тап болғандарға белсенді қолдау көрсетуді және оларға қамқорлық жасауды жалғастыруда.