Ultcom KZ

Қазақстанда Репродуктивті денсаулық апталығы басталды

12-16 мамыр аралығында республика көлемінде Репродуктивті денсаулық апталығы өтуде. Бұл – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен жүзеге асып жатқан ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан.

Брифинг барысында Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың репродуктивті денсаулық мәселесіне ерекше назар аударатынын және балалы болуда қиындық көріп жүрген отбасыларды қолдауға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдайтынын атап өтті.

«Қазіргі таңда бұл бағытта алаңдататын жайттар аз емес. Сондықтан репродуктивті денсаулықты сақтау – бәрімізге ортақ іс. Бұл жолда мемлекеттік мекемелер, медицина мен білім саласы, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық серіктестер бірлесе әрекет етуі қажет. Әсіресе жасөспірімдер мен жастардың арасында отбасы құндылықтарын дәріптеу, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды үйрету, ерте жыныстық қатынастың және жыныстық жолмен берілетін аурулардың қаупі жайлы шынайы, түсінікті әрі ғылыми негізделген ақпаратты жеткізу – аса маңызды міндет», – деді спикер.

Сонымен қатар, Ұлттық комиссия мүшесі Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасына назар аударды. Бұл бастама – балалы болуда қиындыққа тап болған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Жұлдызай Ысқақова жас ұрпақтың репродуктивті сауаттылығын арттыру уақыт талабы екенін атап өтіп, дәл осы кезеңде денсаулыққа деген жауапкершілік пен саналы көзқарас қалыптасатынын жеткізді.

ЮНФПА деректеріне сүйенсек, еліміздегі 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің басым бөлігі – шамамен 60 пайыздан астамы – жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен жоспарланбаған жүктіліктен қалай сақтану керектігін білмейді. Ал ВИЧ инфекциясының таралу жолдары туралы нақты түсінігі бар жастардың үлесі – бар болғаны 9 пайыз. Бұл деректер жастармен жүргізілетін жүйелі алдын алу және ағартушылық жұмыстың қаншалықты маңызды екенін анық көрсетеді.

Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті мәселе. Бұл жас топтары қауіп тобына жатады, сондықтан ашық әңгіме мен бірлескен іс-қимылға мұқтаж.

«Егер біз бұл бағытта үнсіз қалсақ, ерте жүктілік пен инфекциялардың таралуы жалғаса береді. Сондықтан біз журналистерді, ұстаздарды, дәрігерлерді және сарапшыларды шынайы әрі сенімді ақпаратты көпшілікке кеңінен жеткізуге шақырамыз. Сондай-ақ кәсіби қауымдастықтардың қолдауы да аса қажет – бұл келер ұрпақтың денсаулығы үшін маңызды», – деді Жұлдызай Ысқақова.

Апталықты ұйымдастыруға еліміздің басты серіктес құрылымдары – ҚР Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері, жергілікті атқарушы органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар белсенді атсалысуда. Аймақтарда ашық есік күндері, танымдық дәрістер, шеберлік сабақтары мен мамандардың кеңестері өтуде. Жүздеген шара жасөспірімдерге, ата-аналарға, әйелдер мен ерлерге арналып, халықтың кең ауқымын қамтып отыр.

Аптаның әр күні жеке тақырыпқа арналады:

● 12 мамыр — Отбасын жоспарлау;

● 13 мамыр — Әйел денсаулығы;

● 14 мамыр — Ерлер денсаулығы;

● 15 мамыр — Жасөспірімдер денсаулығы және ЖЖБИ-дің алдын алу;

● 16 мамыр — Адам папиллома вирусы және вакцинация.

Ақпараттық науқан аясында әлеуметтік желілер мен БАҚ бетінде арнайы хэштегтер қолданылуда: #СалауаттыҰрпақ2025, #ЗдоровоеПоколение2025, #RepHealth2025, #SalauattiUrpaq2025.

Барлық материалдар мен ақпаратты www.rephealth.kz ресми сайтынан алуға болады.