Медициналық пойыз Жамбыл облысындағы жұмысын жалғастыруда
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өткен аптадан бері Жамбыл облысының халқына тегін қызмет көрсетіп жатыр. Доңғалақ үстіндегі емхананың өңірдегі жұмысы қараша айының аяғына дейін жалғасады.
Бұл ретте, 12 қараша Қаратау және 17 қараша Жаңатас станцияларында, «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен жергілікті тұрғындарға ән-шашу ұйымдастырылды.
Өткен апта, яғни 11-17 қараша аралығы жылжымалы құрамдағы медицина қызметкерлері 1 467 адамның денсаулығын қараса, олардың 663-і бала болып отыр. Аталған пойыздағы медиатор мен заңгер мамандар тиісті мерзімде әлеуметтік-еңбек құқығы мәселелері бойынша 51 тұрғынға кеңес берді.
Мамыр айының басында сапарға шыққан пойыз ұжымы бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарында болды. Бүгінде 82 525 қазақстандықты (оның ішінде 18 834 бала) медициналық қызметпен қамтыған дәрігерлер еңбегінен тыс, медиатор мен заңгер 2 839 арызды қарастырып, жергілікті азаматтардың құқықтық, еңбек кикілжіңдерін шешуге күш салды.
Пойыз вагондарында қабылдау 13:00-14:00 түскі үзіліспен сағ. 09:00-18:00 аралығында жүргізіледі. Азаматтарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.
Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.
Әлеуметтік жоба ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.