Ultcom KZ

Бакуде Азиядағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды

2026 жылғы 14 сәуірде Баку қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және заңнаманы жетілдіру» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шараның күн тәртібі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлін нығайтуға арналды.

Конференция жұмысына Түркия, Өзбекстан, Пәкістан және Моңғолияны қоса алғанда, оннан астам мемлекеттің өкілдері қатысты. Қазақстан атынан алаңда Ұлттық комиссияның мүшесі, Global Businesswomen Council ұйымының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева сөз сөйледі.

Алғашқы панельдік сессия барысында қатысушылар шағын және орта бизнес саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін, әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау тетіктерін, сондай-ақ жеңілдетілген қаржыландыру, гранттық бағдарламаларды іске асыру және бизнесті тіркеу рәсімдерін оңайлату тәжірибесін талқылады. Сессияны Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері комитетінің төрағасы Хиджран Гусейнова жүргізді.

Екінші панельдік сессия әйелдердің экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі көшбасшылығы мен заманауи сын-қатерлерге ден қою мәселелеріне арналды. Талқылау барысында әйелдердің «жасыл» күн тәртібін ілгерілетудегі, тұрақты қауымдастықтарды дамытудағы және ұзақ мерзімді даму стратегияларын қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Конференцияда сөйлеген сөзінде Жанна Байдашева мемлекеттік институттар, бизнес және сарапшылық қауымдастық арасындағы халықаралық диалог алаңдарын дамыту әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеуге жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ бұл үдеріс әйелдер кәсіпкерлігі мен инновациялық даму саласындағы мемлекетаралық әріптестікті нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, тәжірибе алмасуды жандандырудың және әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың өңірлік әрі халықаралық деңгейдегі тиімді тетіктерін қалыптастырудың маңызын растады.