Ultcom KZ

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы үшін су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 20 тоннаның үстіндегі гуманитарлық көмек жинақталған

Қазақстан Республикасы Президентiнің жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның бастамасымен 15-19 мамыр аралығында су тасқынынан зардап шеккен Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында халыққа гуманитарлық көмек және қолдау шаралары ұйымдастырылды.

15 мамыр Халықаралық Отбасы күніне Қазақстан Республикасы Президентiнің жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның бастамасымен Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы үшін су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 20 тоннаның үстіндегі гуманитарлық көмек жинақталған. Алматы облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері Алматы қалалық комиссиясы, Алматы облысы жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырған «Біздің күшіміз бірлікте» қайырымдылық көмегі Атырау облысына жеткізілді.

Алматы облысы және Алматы қаласы облыстық комиссия мүшелері бұған дейін Атырау облысына хабарламаларын жолдаған болатын. Онда: «Су тасқыны салдарынан адамдар зардап шеккен Атырау облысындағы жағдайды барлығымыз жанашырлықпен бақылап отырмыз. Осы қиын сәтте күш-жігерді біріктіру және мұқтаж адамдарға көмектесу маңызды. Халықаралық Отбасы күні қарсаңында біз өзара көмек пен қолдаудың маңыздылығын ерекше түсінеміз. Отбасы-бұл біздің қоғамның негізі және қиын уақытта біз бір-біріміздің тірегіміз болуымыз керек.

Бірінші кезекте қажетті заттармен, төсек-орын жабдықтарымен, азық-түлікпен, медициналық препараттармен, жаңа киімдер және т.б. (жалпы салмағы 20 тоннадан асатын) жүк 2024 жылғы 10 мамырда Алматы қаласынан жолға шықты, 14 мамырда ол Атырау облысына жеткізіледі.»,-деп хабарлады.

Халықаралық отбасы күні Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, Атырау облысы әкімдігі, Жастар орталығы Алматы қаласынан жеткізілген гуманитарлық көмекті зор ризашылықпен қабылдауда.

Су тасқынынан зардап шеккен отбасылары үшін ең қажетті заттар: матрацтар, төсек-орын жиынтығы, жастық, жамылғы көрпелер, сүлгілер, гигиеналық заттар, азық-түлік, жаңа киімдер, шаруашылық тауарлары, құрылысқа қажетті заттар, су тағы да басқа тұрмысқа қажетті жабдықтар қабылданды. Бұл келген көмек рет ретімен Құлсары қаласына жолданады.

Сәуір айынан басталған тасқын судан зардап шеккен Атырау облысы Құлсары қаласында бүгінгі таңда жан жақты жұмыстар жүргізілуде.

Атырау облысында төтенше жағдай қызметкерлері, әскерилер, полицейлер мен еріктілер жұмысы әлі жалғасуда.