Соңғы бес жылда кәмелетке толмаған 11 мыңнан астам қыз бала жүкті болып қалған - депутат
Бұл туралы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Репродуктивті денсаулық апталығы аясында елордада өткен дөңгелек үстел отырысында АПВ-ға қарсы ұлттық вакцинация бағдарламасын кеңейту мәселесін көтерді. Айтуынша, екпемен ер балаларды да ерікті түрде қамту қажет.
"АПВ – тек әйелдер емес, ерлер де жауапты болатын проблема. Бұл тек әйелдерге тән дерт деген қате түсініктен арылуымыз керек. Егер біз қыз балаларды вакцинациялап жатсақ, ұлдарға қатысты нақты шаралар әлі қабылданған жоқ. Жуырда біз Денсаулық сақтау министрлігіне ата-аналардың қалауымен ұл балаларды да АПВ-ға қарсы вакцинациядан өткізу туралы ұсыныс жолдадық, - деді депутат."
Сонымен қатар ол Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін мысалға келтірді. Белгілі болғандай, соңғы бес жылда Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасында 11 мыңнан астам жүктілік тіркелген. Алайда бұл көрсеткіш 2000 жылмен салыстырғанда 43 пайызға төмендеген. Сонымен қатар ана өлімі көрсеткіші де айтарлықтай азайған.
"Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткішке қол жеткіздік. Бұл – атқарылған үлкен жұмыстың нәтижесі, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов."
Депутат атап өткен басқа да бастамалар қатарында Дюшенн ауруы мен ОБА-ны (омыртқа бұлшықет атрофиясы) ерте анықтауға арналған генетикалық скринингтер, сондай-ақ егде жастағы әйелдерге арналған остеопорозды анықтау бағдарламалары бар.
Еске салайық, бұған дейін Асхат Аймағамбетовтің "ВПЧ – тек "әйел вирусы" емес, ұлдар да – қауіп тобында" деп айтқанын жазған болатынбыз.