Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің 10 жылдығына арналған форум
7-8 қараша күндері Астанадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің 10 жылдығына арналған мерейтойлық форум өтті. Бұл форумға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары мен белсенді Аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Форумды Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі жəне Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи басқарды.
Форум бағдарламасы аясында денсаулық сақтау, ішкі істер, оқу-ағарту министрліктері жəне басқа да салалық құрылымдар өкілдерінің қатысуымен біліктілікті арттыруға арналған семинар өтті. Талқылау барысында Аналар кеңесінің «Біртұтас тəрбие» тұжырымдамасын іске асырудағы, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық, вандализм жəне ысырапшылық сияқты əлеуметтік мəселелердің алдын алудағы маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, қоғамның рухани негіздерін нығайту жəне жастар үшін мəдени ортаны сақтау мəселелері қарастырылды.
8 қараша күні Аналар кеңесінің мерейтойына арналған салтанатты жиналыс өтті. Жиналыс модераторы ретінде Назипа Шанаи сөз сөйледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Əзілханов құттықтау сөзінде Аналар кеңесінің ел бірлігі мен келісімін нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Құттықтау сөздермен Сенат депутаты Ольга Булавкина, Мəдениет жəне ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова жəне Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева сөз алды. Спикерлер Аналар кеңесінің əлеуметтік маңызды жобаларды дамыту, отбасыларды қолдау жəне тұрақты мəдени құндылықтарды қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Форум аясында өзекті əлеуметтік тақырыптар бойынша баяндамалар жасалды. Қызылорда облысы Аналар кеңесінің төрайымы Айгүл Мусабаева отбасыларды қолдау жөніндегі өңірлік шараларды таныстырды, ал Астана қаласы прокуратурасының басқарма бастығы Айжан Аймағанова құқықтық тəрбиені қалыптастырудағы отбасының рөлі мен заңдылықты нығайту мəселелерін көтерді. Генерал-майор Қайрат Үмбетов əскери құрылымдармен Аналар кеңесінің өзара іс-қимыл тəжірибесін ұсынды. Сондай-ақ «Салауатты сана» жобасының мақсаттары мен білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл арқылы толеранттылық пен құқықтық мəдениетті қалыптастыру жолдары талқыланды.
«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, сондай-ақ Ақсақалдар кеңесі мен полиция өкілдері жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру жəне əлеуметтік проблемалардың алдын алу бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Іс-шара барысында қиын өмірлік жағдайға тап болған əйелдерге қолдау көрсетуге бағытталған «Құрметті қамқорлық» меморандумына қол қойылды.
Форум қатысушыларының өзара ынтымақтастықты жалғастыруға жəне Президенттің «Əділетті Қазақстан» жобасы аясында қойылған ұлттық міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға дайындығы айқын көрініс тапты.