Ultcom KZ

ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық - демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері Арқалық қаласына келді

ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық - демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен Қостанай облыстық әйелдер комиссиясының мүшелерімен бірге су тасқынан зардап шеккен әйелдер мен олардың отбасыларына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Қостанай облысының Арқалық қаласына келді.

Қоғамдық штаб жанынан су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен, сондай ақ, тасқын судан кейін үйлері жөндеуге жарамай қалуы себепті мемлекет және спонсорлар қаржысымен Арқалық қаласынан баспана сатып берілген бірнеше отбасылардың үйлерінде болып, жаңа қоныстағы тыныс-тіршілігімен танысты.

Кездескен үлкен жастағы аналар, ер азаматтар, құдағилар, келіндер, жас әйелдер қиын жағдайда мемлекет тарапынан жедел қабылданған шараларға ризашылығын білдірді. Алғашқы күндері қатты сасқалақтап қалсақ та, қазақ халқы бір адамдай бірігіп, көрсеткен қамқорлықты бірден сезіндік,- деді зардап шеккен тұрғындар.

Арқалыққа Шығыс Қазақстан облысы әйелдер комиссиясы жіберген гуманитарлық көмек арнайы жасақталған қоймаға тапсырылды. Онда қазақ үйлер, азық-түлік, киім-кешек ұсынылды. Тұрғындар үйлерінің шығынын бағалатып, төлемін алуға өтініш берудің уақытынан кешігіп қалған жиырмадан астам отбасыларға өтінішін қабылдатуға көмек сұрады. Бұл мәселе бойынша заңды түрде сот жүйесіне шағымданып, оң шешімін табудың жолдарына кеңес берілді.

Үйлерін су шайған өңір тұрғындарына арналып Арқалық қаласында салынып жатқан елу пәтерлі, бес қабатты тұрғын үйдің құрылысына да ат басын тіреді. Құрылысшылармен тілдесіп, берілетін пәтерлердің сызба-нұсқасымен танысты.

Арқалық қаласы бойынша су тасқынан зардап шеккені жөнінде 959 өтініш келіп түскен. 453 үй су астында қалған. Оның 366-ы жөндеу жұмыстарына жарамды болса, 87 үй жарамсыз деп танылған. ҚР Үкіметінің қорынан 405 млн.теңге көлемінде қаражат бөлініп, 31 отбасыға үй сатып алынды. 12 млн.теңге көлемінде 1 отбасыға демеушілердің қаражатынан үй алып берілсе, 518 млн.теңгеге “Аяла” қоры арқылы 33 отбасы баспаналы болған. 5 тұрғынға қазіргі таңда қыстақтан үй салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 17 отбасы “BAZIS-A” құрылыс компаниясының жаңадан салып жатқан көпқабатты үйінен пәтер алу кезегін күтуде.