Ultcom KZ

ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ АУДАНДАРЫНДАҒЫ ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН БАҒАЛАДЫ

Бүгін Ақтөбе облысына ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Шолпан Каринова жұмыс сапарымен барды.

Сапар Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарын бекітуден басталды. Делегация Мұғалжар, Алға және Қобда аудандарына барып, Отбасын қолдау орталықтары мен Бала даму кабинеттерінің жұмысымен танысты.

Өңірде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңнама аясында ашылған 14 отбасын қолдау орталығы және 4 бала даму кабинеті жұмыс істейді. Сапар барысында олардың алғашқы нәтижелері талданды. Тұрғындардың қандай себеппен жүгінетіні, қандай көмек көрсетілгені және қандай мәселелер туындайтыны қарастырылды.

Жастардың репродуктивті денсаулығы да басты назарда. Осы бағыттағы медициналық қызмет сапасы мен бала даму кабинеттерінің ақпараттық-ағартушылық жұмыстарының тиімділігі сарапқа салынды.

Жұмыс сапарының мақсаты – мамандардың ұсыныстарын жинақтап, орталықтар желісін одан әрі дамытуға және көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдер әзірлеу.