Ұлттық комиссия Түркістан облысындағы әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізуді бастады
Түркістан облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мониторинг тобының жұмысы басталды.
Жұмыс тобының жетекшісі Баян Жандосованың бастамасымен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен кездесу өтті. Сондай-ақ талқылауға Мәдениет және ақпарат, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері қатысты.
Негізгі тақырып — Отбасын қолдау орталықтарының қызметі.
Қазіргі таңда өңірде 17 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олардың қызметі FSM Social мобильді қосымшасы арқылы цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жүйе көмек көрсетуді автоматтандырып, мобильді топтарға қолдау қажет ететін отбасылар туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.
Орталықтар жанынан бір жылға мобильді топтар құрылған. Олардың құрамына 4 997 адам енген: 613 – жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, 674 – полиция өкілдері, 2 743 – білім беру саласының мамандары және 967 – денсаулық сақтау қызметкерлері. Оның ішінде 4 693 адам (94%) арнайы оқудан өтіп, жүйеге тіркелген.
Комиссия мүшелері бірнеше орталықтың жұмысымен танысты. Негізгі назар некені сақтау, дауларды шешу, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету және процестерді цифрландыруға аударылды. Сонымен қатар мобильді топтардың қызметі мен олардың қауіпсіздігі мәселелері қаралды.
Мониторинг тобы Жастар денсаулығы орталықтарына да барды. Мұнда үздіксіз жұмыс, әйелдер консультациялары мен перзентханаларды әдістемелік қолдау, мамандардың біліктілігін арттыру, психологиялық қызметті дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ анонимді кеңестер үшін ақы енгізу ұсынылды.
Сапар қорытындысы бойынша комиссия мүшелері уәкілетті органдарға жастардың репродуктивті денсаулығын нығайтуға және жауапты ата-ана болуға даярлықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жоспар әзірлеуді ұсынды.