Ultcom KZ

Қазақстандағы жасөспірімдер жүктілігі және ерте некелер: статистика не дейді?

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова елдегі жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші мен ерте некелерге қатысты жағдайға түсініктеме берді.

Жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші туралы

Жасөспірімдер жүктілігі мен ерте неке тақырыбы қоғамда жиі кең талқылау тудырады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жекелеген резонансты оқиғалар бұл мәселе ушығып бара жатқандай әсер қалдыруы мүмкін. Алайда нақты деректер Қазақстанда соңғы бірнеше жыл қатарынан жасөспірімдер жүктілігі, жасөспірімдер арасындағы туу және ерте неке көрсеткіштері тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 2021-2025 жылдар аралығында 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында жүктілік деңгейі шамамен екі есе, яғни 47 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, 1000 қызға шаққанда 6,7-ден 3,55-ке дейін азайды. Осы жас тобындағы туу көрсеткіші 45 пайызға, аборт саны 38 пайызға қысқарды.

Егер халықаралық әдістемеге сүйеніп, 15-19 жас аралығындағы топты қарастырсақ, онда да үрдіс анық байқалады. Көрсеткіш 1000 қызға шаққанда 23,74-тен 12,96-ға дейін төмендеген.

2026 жылдың алғашқы үш айындағы деректер де оң динамиканың сақталып отырғанын көрсетеді.

Бұл сандар уақытша ауытқуларды емес, жүйелі жақсаруды көрсетеді.

Сонымен қатар көрсеткіштердің төмендегеніне қарамастан, жасөспірімдер жүктілігі тақырыбы аса сезімтал мәселе болып қала береді және Ұлттық комиссияның тұрақты бақылауында. Көп жағдайда әңгіме тек ерте жыныстық мінез-құлық туралы емес, жасөспірімдердің осал жағдайларға тап болуы, соның ішінде зорлық-зомбылық мәселесі туралы екенін түсіну қажет. Сондықтан біз бұл тақырыпты, ең алдымен, кәмелетке толмағандардың құқықтарын, қауіпсіздігін және әл-ауқатын қорғау тұрғысынан қарастырамыз.

Өңірлер бөлінісінде қарасақ, бүгінде қыздар арасындағы туу көрсеткіші ең жоғары деңгейде Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркеліп отыр. Ауылдық жерлерде бұл деңгей қалалармен салыстырғанда едәуір жоғары.

Жасөспірімдер арасындағы некелер туралы

Статистика ерте некелер де азайғанын көрсетеді. Қазақстанда некеге тұрғандардың жалпы саны ішіндегі кәмелетке толмағандардың үлесі 2020 жылғы 0,38 пайыздан 2024 жылы 0,27 пайызға дейін қысқарды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 0,28 пайызды құрады. Бұл әрбір мың тіркелген некеге шаққанда үш некеден аз деген сөз.

Алайда бұл тақырыптың ішінде ескерілуі тиіс маңызды ерекшеліктер бар. Ең алдымен, ерте некелердің айқын гендерлік сипаты бар. Мұндай жағдайлардың басым көпшілігі қыздарға қатысты. 2025 жылы 583 кәмелетке толмаған қыз және небәрі 61 кәмелетке толмаған ұл некеге тұрған. Бір жыл бұрын да жағдай осыған ұқсас болды. Бұл жекелеген өңірлерде қыздарды ерте тұрмысқа беруге қатысты дәстүрлі түсініктердің сақталуымен, олардың білім алу және әлеуметтік тұрғыда өз мүмкіндігін іске асыруына шектеулердің болуымен, сондай-ақ ерте некенің денсаулық пен болашаққа төндіретін қатерлері туралы ақпараттың жеткіліксіздігімен байланысты.

Ауылдық жерлерде ерте некелер деңгейі қалаларға қарағанда екі есеге жуық жоғары. Бұл жағдайға заңдармен қатар білімге қолжетімділік, ақпараттану деңгейі, әлеуметтік көзқарастар және отбасылардың өмірлік стратегиялары ықпал ететінін көрсетеді.

Жалпы елде оң динамика сақталып отыр.

Ерте неке сирек кездесетін құбылыс болып қала береді және оның ауқымы кеңейіп отырған жоқ. Бұл көп жағдайда құқықтық шектеулер мен әлеуметтік саясаттың нәтижелілігін көрсетеді. Дегенмен, мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Мемлекеттік деңгейдегі шаралар туралы

Қазақстанның ерте ана болу көрсеткішін төмендетуге бағытталған мемлекеттік саясаты бүгінде кешенді тәсіл негізінде қалыптасып отыр. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше назар аударады. Президент бала құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту және адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтары екенін үнемі айтып келеді.

Балалар мен жастардың әл-ауқаты әлеуметтік мәселе ретінде ғана емес, елдің орнықты дамуының маңызды шарты ретінде қарастырылады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс заңнама, денсаулық сақтау, ағарту және жасөспірімдерді қорғау тетіктері арқылы жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Ең алдымен, заңда неке жасы нақты белгіленген – 18 жас. Оны төмендетуге тек ерекше жағдайларда және заңмен қатаң шектелген тәртіпте ғана жол беріледі. Бұл ерте некенің таралуына қарсы құқықтық тосқауыл болып саналады.

Денсаулық сақтау жүйесінде жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын нығайтуға және ерте жүктіліктің алдын алуға бағытталған бағдарламалар іске асырылып жатыр. Солардың негізгісі – «Аналар саулығы» бағдарламасы. 2023-2026 жылдарға арналған балалар гинекологиясын дамыту жөніндегі жол картасы да маңызды рөл атқарады. Оған сәйкес кадрлық әлеует күшейтіліп, балалар гинекологиялық қызметінің жүйесі құрылды, республикалық және өңірлік деңгейде бейінді сараптама жолға қойылды.

Жастар денсаулық орталықтары да маңызды құрал болып отыр. Қазіргі таңда ел бойынша осындай 90-ға жуық орталық жұмыс істейді. Мұнда жасөспірімдер медициналық көмекпен қатар психологиялық және консультациялық қолдау табады. Сондай-ақ өздері үшін сезімтал сұрақтарға сенімді ортада жауап ала алады.

Ағарту жұмысының да маңызы бөлек. Ол білім беру жүйесі, мектеп бағдарламалары, сондай-ақ ведомствоаралық және қоғамдық бастамалар арқылы жүргізіледі.

Үшінші жыл қатарынан Үкіметтің әлеуметтік блогы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның үйлестіруімен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, «Репродуктивті денсаулық апталығы» республикалық акциясын өткізіп келеді. Оның мақсаты – жауапкершілік, ақпараттану және профилактика мәдениетін қалыптастыру. Биыл Апталық күзде, мектеп оқушылары мен колледж студенттері оқуына оралған кезде өтеді.

Осы шаралардың үйлесімі қазірдің өзінде нәтиже беріп отыр. Статистика жасөспірімдер жүктілігі, ерте жастағы туу және ерте неке көрсеткіштерінің тұрақты төмендеп келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен бірге бүгінгі таңда тәуекелдердің сипаты өзгеріп жатқанын түсінеміз. Әлеуметтік желілердің, цифрлық ортаның, сенімді ақпарат көздерінің тапшылығының, отбасы ішіндегі ашық коммуникацияның әлсіздігінің және ер балалардың жауапты мінез-құлық мәселелеріне жеткілікті деңгейде тартылмауының ықпалы артып келеді.

Сондықтан мемлекеттік саясаттың келесі кезеңі профилактика сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл жасөспірім дер кезінде шынайы ақпарат, қолдау және қорғаныс ала алатын ортаны қалыптастыруды көздейді. Мұндай жағдайда отбасы, мектеп және мемлекет бытыраңқы әрекет етпей, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі қажет.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бұл бағытта мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығы және азаматтық қоғам арасындағы диалогтың үйлестірушісі әрі алаңы ретінде әрекет етеді.