Ultcom KZ

Отбасының аман-саулығы – ел болашағының кепілі

Отбасы – қоғамның ең маңызды діңгегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «әр отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі» екенін атап көрсетіп, мемлекет отбасы институтына жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеген болатын.

Қазақстан әлеуметтік даму институтының зерттеулері бұл тұжырымды нақтылай түседі. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі үшін отбасындағы сүйіспеншілік пен сыйластық (88%), ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністік (86%), ата-ана мен бала қарым-қатынасы (85%) негізгі құндылықтар қатарында. Сондай-ақ денсаулық пен зиянды әдеттерден ада өмір салты, балалар тәрбиесіндегі ата-ананың ортақ жауапкершілігі (82,7%) де аса маңызды фактор ретінде көрсетілген.

Сонымен бірге білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау қызметінің сапасы, балалардың әлеуметтік желілерге тәуелділігі мен зиянды әдеттерге әуестігі қоғамды алаңдатып отыр.

Осыған байланысты мемлекет отбасы институтын нығайтуға ерекше назар аударады. Бұл бағытта ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия тұрақты жұмыс жүргізуде. Комиссияның негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру, әл-ауқаты артқан отбасы моделін орнықтыру және білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіруге жағдай жасау.

Жалпы, отбасының аман-саулығы тұрмыс деңгейімен ғана өлшенбейді. Ол ең алдымен сыйластық пен түсіністікке, қауіпсіздік пен денсаулыққа негізделген құндылық.