Ultcom KZ

Шымкенттен солтүстікке 20 тонна көмек жіберілді

Қазіргі таңда еліміздің кейбір су алған аймақтарындағы келтірілген залалдар қалпына келтірілуде. Зардап шеккен халыққа жәрдем ретінде еліміздің түпкір-түпкірінен гуманитарлық көмек әлі де жіберіліп жатыр. Көмек қолын созуға баршы қазақстандықтар атсалысып, қиындықты жеңуде бір кісідей жұмылып, бірлігін танытуда.

Сондай кезекті гуманитарлық көмек ретіндегі жүк 14 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысына Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері жіберді.

Олар жинастырған 20 тонна жүкте қажеттіліктің бәрі қамтылды. Нақтырақ айтсақ, азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, жөргектер, балалар киім-кешегі, тұрмыстық-химиялық заттар, дәрі-дәрмектер, құрылыс заттары бар. Жалпы, жиналған гуманитарлық көмектің сомасы 40 млн. асады.

«Өңірлердегі орын алған апаттық жағдай шыны керек бәрімізді есеңгіретіп, қабырғамызға батты. Әрине осы сәтте, елдігіміз бен бірлігімізді көрсету өте маңызды»-дейді, бекем бірліктің үлгісін көрсеткен Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері.